Қоғам

Ұшқыш-ғарышкер А.Викторенко атындағы диплом және алғыс хат табысталды

Игі дәстүр жалғасын тапты. Петропавлдағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде Александр Викторенко атындағы диплом және алғыс хатты табыстау рәсімі өтті. Айтулы шараға аспан әлемін бағындырған тағы бір отандасымыз Айдын Айымбетов ат салысты. Халық қаһарманы марапат иелерін құттықтады, білім ұясына қатысты жылы пікірімен бөлісті.

АЙДЫН АЙЫМБЕТОВ, ғарышкер, Халық қаһарманы:

— Бүгін маңызды да айтулы шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Баршаңызды құттықтай отырып, өркендеу, бақ-береке тілеймін. Оқу орны «Құрылыс колледжі» деген атаумен сипатталады екен. Мұнда үлкен мән жатыр: бұл – құру, жасау, жарқын болашақты қалау, Қазақстанның ертеңін қалыптастыру деген сөз. Ендеше, бәріміз бірге елімізді алға бастыратын, даму мен бақуаттылыққа жетелейтін жарқын болашаққа қадам жасайық!

Кеңес Одағының батыры, облыстың құрметті азаматы Александр Викторенко атындағы диплом және алғыс хат үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқытушыларға, студенттерге және сенімді әлеуметтік серіктестерге табысталады. Биыл сахнаға салтанатты түрде шақырылғандардың қатарында Мирас Кәрімов те бар. Мирас Кәрімов – техник-құрылысшы пәнінің оқытушысы. Жастарға жауапты саланың қыр-сырын үйретіп жүр.

МИРАС КӘРІМОВ, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің оқытушысы:

— Мен – осы колледждің түлегімін. Мен үшін бұл марапат – қажырлы еңбектің нәтижесі. Көрсетілген сенім үшін ризамын және бұл мені бұдан да үлкен нәтижелерге қол жеткізуге ынталандыратынына сенімдімін.

Александр Викторенко, Айдын Айымбетовтардың сара жолы жалғануы тиіс. Қазақстанда ғарыш саласын бағындыратын, зерттейтін жаңа буын қалыптасуы міндетті. Ол үшін аймақта бірнеше бастама қолға алынбақ.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

— Өңірде цифрлық дамудың тұтас экожүйесі құрылып, заманауи инфрақұрылым қалыптасуда. Біз бұл бағытта аэроғарыш саласымен ынтымақтастық орнатудың жақсы нәтижесін көріп отырмыз. Студенттеріміз үшін «Бәйтерек» жобасы аясында ғарыш айлағына танымдық сапарлар ұйымдастыру өте пайдалы болар еді. Бұл жастардың заманауи технологияларды өз көзімен көріп, болашақта саланы дамытатын маман болып қалыптасуына жол ашады.

Қазіргі таңда Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде 1100 студент білім алады. Жалынды жастардың 320-дан астамы – биыл үлкен өмірге қанат қағатын түлек.

Жангельді Жамалиев