Спорт

Сахна саңлақтарының сайысы

Петропавлда мәдениет және өнер қызметкерлері арасында қазақ күресінен турнир өтті. Облыстық деңгейдегі сайысқа 40 палуан қатысты. Олардың бір тобы 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдессе, екінші жартысы бұдан жоғары санатта күш сынасты. Бірі – әнші, екіншісі – актер, үшіншісі – ақын. Бәсеке қазақ күресі десе бойдағы қаны тулайтын текті ұлдарды біріктірді. Ешқайсысын осал деп айта алмайсың. Себебі, әрқайсысының бойында намыс бар. Шеберлік пен шама жетпеген жағдайда осы қасиет алға жетелейді.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, облыстық халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығының бөлім басшысы:

—  Жігітке жеті өнер де аз. Біз сахна саңлақтарының спорттан кенде емес екенін дәлелдегіміз келеді. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарымыз да насихатталса екен дейміз.

Алғаш болып бозкілемге Айыртау және Мамлют ауданынан келген өнерпаздар шықты. Белдесу көпке созылмады. Айыртаулық палуан “іштен ілу” әдісімен қарсыласының жауырынын жер иіскетті.

НАУРЫЗБАЙ РҮСТЕМОВ, Айыртау аудандық мәдениет үйінің әншісі:

—  Қазақ күресімен мектеп кезінен айналысамын. Белдесу қиынға соқпады. Қарсыластарыма сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін.

Өнер адамдары спортшылардан кем түспеді. Әдемі әдістер мен қарсы шабуылдар жарыстың көркін қыздырды. Облыстық деңгейдегі сахна саңлақтарының жүлде қоры 1 млн теңгені құрады. Бірінші орынға – 500 мың, екінші – 300, ал үшінші орын иегеріне 200 мың теңге табысталады. Сонымен қатар, топ жарғандардың беліне чемпиондық белдік тағылды.

Нұрасыл Ахмет