Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданындағы агроқұрылым күнбағыс алқабын кеңейтті

Қызылжар ауданындағы «Боголюбово» серіктестігінің диқандары 7-ші мамырдан бері көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Агроқұрылым иелігінде 3 700 гектар жер бар. Алқаптарға тұқымды 12 метрлік «Борго» дән сепкіштері сіңіруде. Мамандар топырақ ылғалын сақтау үшін технологиялық талаптарды қатаң қадағалайды.

НҰРЛАН СӘРСЕКЕЕВ, «Боголюбово» ЖШС агрономы, Қызылжар ауданы:

— Егіс науқанының алдында барлық алқаптарымызға тыңайтқыш енгіздік. Алдымен селитра себілді. Қазіргі таңда бидай егіп жатырмыз. Бидай себу нормасы – 150 кг, ал аммофос – 50 кг. Тұқымның сіңіру тереңдігін әр ауысым сайын бақылап отырамыз.

Биыл шаруашылық майлы дақылдарға, соның ішінде күнбағысқа ерекше басымдық беріп отыр. Өткен жылы бұл өнім нарықта жақсы бағаланып, шығынды толық ақтаған. Көктемгі дала жұмыстарының кідіріссіз атқарылуына мемлекеттік қолдаудың да ықпалы зор. Несие уақытылы берілгендіктен, диқандар қажетті шикізатты алдын ала қамдап үлгерген.

БАЯН БАРЛЫБАЕВ, «Боголюбово» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

— Мемлекет қолдауымен 300 тоннаға жуық минералды тыңайтқыш пен жеңілдетілген бағадағы 60 тонна дизель отынын алдық. Бүгінгі таңда жоспарланған жұмыстың 45 пайызын орындадық, маусымның біріне дейін егісті толық аяқтауды көздеп отырмыз. Өткен жылы бидайдың әр гектарынан 28 центнерден өнім алған едік. Биыл топырақты жақсы қоректендірдік, егер ауа райы қолайлы болса, бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Айта кетейік, биыл Қызылжар ауданындағы егіс алқабы 197,6 мың гектарды құрайды. Қазіргі күні диқандар оның 45 мың гектарына дән сініріп үлгерген. Жалпы, науқанға 85 серіктестік пен 200-ге жуық шаруа қожалығы қатысуда.

 

Жангельді Жамалиев