Петропавл қаласының әкімдігінде құқықтық тәртіпті нығайтуға арналған маңызды кеңес өтті. Қала әкімі Серік Мұхамедиевтің жетекшілігімен өткен басқосуға заң орындары мен жауапты мекемелердің басшылары қатысты. Жиында 2026 жылдың наурыз айында өз күшіне енген «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа заңның талаптары мен шаһардағы қауіпсіздікті күшейту мәселелері жан-жақты сараланды.
ПАВЕЛ СЕМЕНОВ, қалалық прокуратура бөлімінің басшысы:
—Жаңа заңнаманың басты мақсаты – орын алған заңсыздықтардың салдарымен күресу емес, олардың туындау себептерін алдын ала анықтап, жою. Осы орайда азаматтардың, әсіресе сенімді топтардың қылмыс құрбанына айналу тәуекелін төмендетін арнайы жүйе іске қосылды. Сондай-ақ, заң талаптарына сәйкес, тиісті бағыттар бойынша сақтық жұмыстарын ұйымдастыруда мемлекеттік мекеме жетекшілерінің де жауапкершілігі арта түспек.
Алқалы жиында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың арасындағы келеңсіздіктердің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Прокуратура өкілдері мектеп қабырғасында оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынасты уақтылы қадағалап отыру қажеттігін алға тартты.
АМАНЖОЛ АБУОВ, қалалық прокуратура бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
— Талдау көрсеткендей, қала бойынша жасөспірімдерге қатысты жасалған заңсыздықтар 76,5%-ға өсіп, 17-ден 30 жағдайға жеткен. Оның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттері 60%-ға артып, 5-тен 8-ге көбейді. Бұған көбіне балалардың бос уақытында қараусыз қалуы мен білім ошақтарындағы буллинг, яғни қорлық көрсету жағдайларының дер кезінде байқалмауы әсер етеді.
Қала әкімі Серік Мұхамедиев құқық бұзушылықтың тиімді алдын алу тек мекемеаралық жүйелі байланыс арқылы ғана мүмкін болатынын жеткізді. Осы ретте шаһардағы тәртіп сақшылары да қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында түнгі патрульдеу жұмыстарын ширатқан.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, қалалық ПБ бастығы:
— Қаламызда жалпы қылмыстың тіркелуі 17%-ға, адам өлтіру дерегі 66%-ға азайды. Алайда, денсаулыққа ауыр зиян келтіру жағдайлары 26%-ға жиілеген. Қылмыстардың 50%-ы мас күйде жасалады. Бұған түн ортасына дейін жұмыс істейтін көңіл көтеру орындары мен заңсыз ішімдік сататын сауда нүктелері тікелей әсер етіп отыр. Биыл заңсыз айналымнан 4593 литр өнім тәркіленіп, талаптарды бұзған 40 кәсіпкердің рұқсат қағазы тоқтатылды. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті бұзған 15 629 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Басқосу қорытындысы бойынша шаһар басшысы жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеді. Ендігі кезекте тек заң орындары ғана емес, бүкіл қоғам болып құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қауіпсіздікті нығайту басты орынға қойылмақ.
Жангельді Жамалиев