Қазақстанда “Алтын сапа” байқауына өтінім қабылдау жүріп жатыр. Конкурсқа елімізде жұмыс істейтін тауар өндірушілер қатыса алады. Сайысқа қатысу тәртібін түсіндіру мақсатында Петропавлға “Атамекен” ҰҚП республикалық конкурстарды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Мерей Исаева келіп, іскер азаматтармен кездесті.
МЕРЕЙ ИСАЕВА, “”Атамекен” ҰҚП республикалық конкурстарды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры:
— Байқау 4 кезеңнен тұрады. Өтінім қабылдау 1-ші шілдеге дейін жалғасады. Жеңімпаз атанған тауар өндіруші 450 АЕК көлемінде сыйақыға ие болады. Жеңімпаздарды Мемлекет басшысы марапаттайды.
Байқауға қатысқысы келетін кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға! Конкурсқа өтінімді “altyn.sapa.kz” сайты арқылы беруге болады. Ең алдымен үміткерлер сауалнама толтырады. Серіктестіктегі атқарылған жұмыс жайлы есеп тапсырады. Кейін тиісті құжаттарды жинап, сайтқа енгізу қажет. Айта кету керек, байқау 4 аталым бойынша өтеді. Олар: “Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын”, “Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын”, “Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын” және “Азық-түлік өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын”.
СВЕТЛАНА КАРАБАНОВА, “Тамаша-2050” ЖШС директоры, М. Жұмабаев ауданы:
— Серіктестік адам ағзасына өте пайдалы ешкі сүтін өндірумен айналысады. Күніне 540 литрден астам ақ өндіреміз. Байқауға биыл алғаш рет қатысқалы отырмын. Мамандар бізге барлығын түсіндірді. Жүлделі орын аламыз деген үміттемін.
“Алтын сапа” байқауының 20 жылдық тарихы бар. Басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдап, олар ұсынған тың жобаларды ел көлемінде жүзеге асыру. 3 айдың ішінде конкурсқа қатысуға 200 кәсіпкер өтінім берген. Оның 10 пайызы – солтүстікқазақстық тауар өндірушілер.
Нұрасыл Ахмет