Қазіргі күні әлеуметтік желіде еліміздің қарулы күштерінде келеңсіз әрі қайғылы жайттар орын алып жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жатады. Осы орайда мемлекет мерзімді әскери қызметшілердің Отан алдында борышын қауіпсіз өтеуі үшін тиісті шаралар қолға алып жатыр.
МЕЙРАМ ЕРКЕНОВ, ҚР ІІМ Орталық өңірлік әскери тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
— “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында әскери тергеу басқармасы ҚР Қарулы күштерінде, Ұлттық ұланда әрі өзге де күштік құрылымдарда профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Бұл арқылы заң бұзушылықтар азайып, жоғарғы құқықтық мәдениет қалыптасады. Сонымен қатар, біз сарбаздардың моральдық-психологиялық жағдайына да назар аударамыз.
Қатардағы жауынгер Бекжан Қасенов – Абай облысы Аягөз қаласының тумасы. Ер азамат Петропавл қаласындағы 44 813 әскери бөлімінде өзінің Отан алдындағы борышын өтеуде. Қазіргі күні сарбаздың үйіне қайтуына жарты жыл қалған. Осы уақыт ішінде әскери өмір оның мінезін шыңдап,темірдей тәртіпке үйреткен.
БЕКЖАН ҚАСЕНОВ, қатардағы жауынгер:
— Жеке радиолокациялық ротада өзімнің Отан алдымдағы борышымды өтеудемін. Осында келгеніме өте қуаныштымын. Барлығы жақсы. Жеке құрам да көңілімнен шығады. Күн сайын жаңа дүние үйреніп, шыңдалып келеміз.
Сарбаздың сөзінше, қазіргі күні әскерде қатаң тәртіп орныққан. Барлығы қойылған жоспарға әрі кестеге сай өтеді. Айтуынша әскерден қашудың да, қорқудың да қажеті жоқ.
БЕКЖАН ҚАСЕНОВ, қатардағы жауынгер:
— Әскерден қорықпау қажет. Әлімжеттік жоқ, ешкім ұрып-соқпайды. Жалпы, барлығы тыныш.
Мерзімді әскери қызметшінің сөзінше, ол тиісті гигиеналық заттармен әрі өзге керек-жарақпен толықтай қамтамасыз етілген.
БЕКЖАН ҚАСЕНОВ, қатардағы жауынгер:
— Бұл – менің жеке зат сақтайтын орным. Әскери бөлімде бізді жақсы қамтамасыз етеді. Барлығын уақытылы беріледі. Егерде бір дүние керек болып жатса өзіміз де сатып ала аламыз.
Қазіргі таңда қатардағы жауынгер Бекжан Қасеновпен бірге бір ротада 30-ға жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуде. Олар биылғы жылдың қараша айында өз үйлеріне қайтады. Ал әзірге өз лауазымдары бойынша білімдерін шыңдап, әскери істе үздік болуға тырысуда.
Ұлан Ыдырыс