Қоғам

Тіл жанашырлары рейд өткізді

Сауда үйлері, дүкендер мен түрлі мекмелердің сыртындағы жарнама баннерлерінде міндетті түрде қазақ тілінде мәтін болуы тиіс. Қатесіз жазылуы және әріптерінің сұрықсыз болмауы шарт. Бұл – өңіріміздегі өзекті мәселелердің бірі. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыс аумағында “Сауатты көрнекі ақпарат – біздің ортақ ісіміз” акциясы өтіп жатыр. Оның аясында тіл жанашырлары орталық базардың іші-сыртын аралап, кәсіпкерлерге тіл туралы заңнаманың талаптарын түсіндіреді, әдістемелік көмек көрсетеді. Айта кету керек, шараның өтуіне мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мұрындық болып отыр.

ӘСЕЛ БИМАХАНОВА, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы:

— Кемшіліктер анықталған жағдайда алдымен кәсіпкерге ескерту беріледі. Қателіктер дұрысталмаса, 5 және 25 АЕК аралығында айыппұл салынады.

Қазақ тілінің мәртебесін жоғары қоятын жандар мен еріктілер бірнеше нысанды аралады. Қателіктер жетіп артылады. Көбінесе асханалардағы ас мәзірлері тек орыс тілінде жазылғанын көруге болады. Ұйымдастырушылар олқылықтар жайлы және оны түзету жолдарын жіпке тізіп, ақпараттық көмек ұсынды.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚОФ төрағасы:

— Акция сәуір айында басталды. Бір айдың ішінде Петропавл қаласындағы 70-тен астам нысанда болдық. Оның жартысына жуығында кемшіліктер анықталды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында бастау алған акция жыл соңына дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар барлығы – 350-ден астам нысанды аралауды жоспарлап отыр. Тіл жанашырлары Петропавл қаласымен ғана шектеліп қалмай, облыс аудандарына да шықпақ.

Нұрасыл Ахмет