СҚО әкімдігі

СҚО өткен жылғы бюджеттің игерілуі жөнінен ел бойынша 2-орында

Өңірде өткен жылдың бюджеті қалай игерілді және алдағы кезеңнің басымдықтары қандай? Мәселе облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қаралды. Қаржы басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов 2025 жылғы бюджеттің атқарылу есебін жариялады. Оның сөзінше, тұрғындардың жалақы қоры мен шағын және орта бизнестің белсенділігі есебінен өңірдің меншікті кірісі 105%-ға орындалып, 82 млрд 961,3 млн теңгені құраған. Ал бюджет шығыстарының игерілуі 99,6%-ға жетіп, Солтүстік Қазақстан облысы республика бойынша 2-орынға тұрақтады. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға, инфрақұрылымға және су тасқынынан қорғайтын 17 шақырымдық 4 бөгетті бекітуге бағытталған.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, облыстық қаржы басқармасының басшысы:

— Бірлескен жұмыстың нәтижелері бюджеттің әлеуметтік бағыттылығын сақтап, барлық міндеттемелердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ортақ үлестің арқасында бірнеше жылдан бері өңіріміз бюджеттің атқарылуы бойынша көшбасшылық позицияларды иеленіп келеді. Бұл шығыстарды жоспарлау басымдықтарын бөлу кезіндегі үйлесімді жұмысты көрсетеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе де бюджетке тікелей байланысты. Қоғамдық кеңес мүшелері ағымдағы жылдың қаржылық көлемінің жобасын нақтылады. Түрлі мемлекеттік кірістер мен айыппұлдар есебінен бюджеттің кіріс бөлігін 767,6 млн теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Бұл реттегі басты басымдық – алдағы жылыту маусымына ерте дайындалу. Мәселен, облыстық білім басқармасына 549,9 млн теңге бағытталып, оның 255,2 млн теңгесі мектептерге қазандықтар сатып алуға, қалған бөлігі көмір алу мен жылу жүйелерін жөндеуге жұмсалмақ. Сондай-ақ Саумалкөл ауылындағы шағын ауданның блокты-модульді қазандығы мен жылу желілерін жөндеуге 180,4 млн теңге бөлінеді. Ғ.Мүсірепов ауданының ауруханасы мен өңірдегі бірнеше әлеуметтік орталықтың жылу жүйесін жаңарту жоспарланған.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, облыстық қаржы басқармасының басшысы:

— 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау Бюджет кодексіне сәйкес, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен аудан, қала әкімдерінің өтінімдері негізінде жүзеге асырылады. СҚО әкімдігінің қаулысымен кейбір басқармалар бойынша штат санының лимиті де өзгертілді. Осы нақтылау жобасын қолдауыңызды сұраймын.

Жиында бюджеттен бөлек, аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мен құқықтық базаны ретке келтіру мәселесі де сөз болды. Бейінді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерлан Тәшімов облыстық мәслихаттың 2019 жылғы орман пайдалану төлемақысы туралы ескі шешімінің күшін жоюды ұсынды. Себебі, ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енді. Енді өңірде орман және өсімдік ресурстарын, жабайы өсетін жемістер мен дәрілік шикізатты жинау нормалары мен төлемақы мөлшерлемелері жаңа заң талаптарына сай қайта бекітілмек.

Жангельді Жамалиев