Эпидемиологиялық маусым басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында 419 кене шағу жағдайы тіркелді. Зардап шеккендердің 111-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл жәндік сәуір мен қазан аралығында белсенді. Ол орманда ғана емес, қала ішіндегі саябақтарда, аулалар мен саяжайларда да кездеседі. Зиянкес кене энцефалиті және боррелиоз сынды қауіпті ауру тасымалдайды. Бұлар адамды мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін.
ГҮЛИДА ДЖАКЕЕВА, СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
— Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын өте қауіпті індет. Ол иксод кенелері арқылы жұғады. Биыл облыста бұл ауру тіркелмеді”,”СҚО бойынша Айыртау ауданы кене энцефалитінің эндемиялық аймағы болып саналады”, “Сол себепті, мемлекеттік тапсырыс бойынша Айыртау және Лобаново ауылдарында дезинсекциялық өңдеу шаралары жүргізілді”, “Сондай-ақ, қауіпті аймақта қызмет ететін 300-ден астам адамды жоспарлы түрде вакцинациядан өткізіп жатырмыз.
Кененің шаққанын сезу қиын. Жәндік қан сорғанда денеге ауырсынуды сездірмейтін сұйықтық жібереді. Аурудың алғашқы белгілері бір күннен бір айға дейінгі уақытта пайда болады. Әдетте сырқат қатты басталады. Адамның дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Бас ауырады, жүрек айниды және бұлшықеттер сырқырайды.
ГҮЛИДА ДЖАКЕЕВА, СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
— Табиғатқа шығар алдында дұрыс киіну маңызды. Киім ашық түсті және ұзын жеңді болуы қажет. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне өткізген жөн. Кенеге қарсы арнайы қорғаныс спрейлерін қолдануды ұмытпаңыз. Кене шағып алған жағдайда, бірден тұрғылықты жер бойынша емханаға немесе медициналық ұйымға жүгіну қажет.
Ал жәндікті дер кезінде пластик құтыға салып, зертханаға апару қажет. Мұндай сараптама орталықтары облыстың барлық ауданында бар. Осы орайда қала тұрғындарынан қауіптен қалай сақтанатынын сұрап көрдік.
Жаннұр Бектұрғанова