Мәдениет

Саналы ғұмырын сахнаға арнаған жерлесіміз Людмила Турпаянның туғанына – 80 жыл

Бүгін жерлесіміз, Қазақстанның Халық әртісі Людмила Турпаянның туғанына 80 жыл толды. Людмила Николаевнаны Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жарық жұлдызы болды десек қателеспейміз. Саналы ғұмырын өнерге арнаған жан 100-ден астам рөл сомдап, көрерменнің есінде жарқын қойылымдарымен есте қалған. Көзін көрген жандардың сөзінше, сахна саңлағы кез келген туындыны бір өзі алып шыға алатын деңгейде болған.

ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

— Ол әрдайым ізденісте жүрді. Жаңашылдық жаны жақын болатын. Бәрімізге жоғары талап қоятын, сынын да жасырмайтын. Әр қойылымға ешқашан немқұрайлы қараған емес. Бәрімізден артық дайындалатын. Театрда Людмила Турпаян сынды жұлдызбен бірге еңбек еткенімді мақтан тұтамын.

Ирина Пашкина Людмила Турпаянды бес саусағындай біледі. Екеуі 30-жылдан астам уақыт бойы бір сахнаны бөліскен. Ол өзін Людмила Николаевнаның шәкірті санайды. Себебі, ол өмірінің соңына дейін әріптестеріне бар білгенін үйретті. Баға жетпес тәжірибесімен бөлісті. Әрқайсысын психологиялық тұрғыда дайындады.

ИРИНА ПАШКИНА, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:

—  Людмила Турпаянды “Теңдессіз” актриса деп айтар едім. Онымен талай мәрте сахнада жұп болдық. Қойылымдарда көбінесе менің анам болып ойнайтын. Сондықтан да өмірде де анамдай адам болып кетті. Спектакль кезінде қателік жасаған кезіміз болды. Сондай сәтте тапқырлығының арқасында туындыны бір өзі алып шығатын. Біртуар актрисаның арамызда жоғына әлі сенбеймін.

Ал Людмила Лошакова болса мерейтей иесінің жақын құрбысы. Азаматшаның сөзінше, сахна саңлағы уақыты қанша жерден тығыз болса да отбасына ерекше көңіл бөлді. Бала тәрбиесіне ерекше мән берді. Бірақ, әр қойылым алдында кемінде 1 сағат өзі жалғыз, тыныштықта отырғанда жөн көрген.

ЛЮДМИЛА ЛОШАКОВА, Людмила Турпаянның құрбысы:

— Бір-бірімізге сырымызды көп айтатынбыз. Өзара ұқсастықтарымыз да болды. Людмиланы тума талант деп айта аламын. Оны талай рет Еуропаға шақырды. Ресейліктер де құда түсті. Бірақ, ол өз театрына адал болды. Өз өмірін қарашаңырағына арнады.

Айта кету керек, Людмила Турпаян мәдениет саласына өмірінің 60 жылын арнады. Өкінішке қарай, сала майталманы ағымдағы жылдың наурызында өмірден өтті.

 

Нұрасыл Ахмет