Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында 9 жазатайым оқиға тіркелді. Өкінішке қарай, 3 адам көз жұмды. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстық департаментінің өкілдері профилактикалық жұмысты күшейткен. Ағымдағы жылы мамандар облыстағы 50-ге жуық өндіріс орнын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіпті.
МИРАС САБАҒАНОВ, ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы СҚО бойынша департаментінің басшысы:
— Түсіндірме жұмыстарының пайдасы бар. Мәселен, 2015 жылы облыстағы өндіріс орындарында 86 оқыс оқиға тіркеліп, салдарынан 10 адам қаза тапты. Ал былтырғы сандар бұдан 2 есе аз. Шыны керек, көп кәсіпорында техникалық қауіпсіздік талаптары сақталмайды, жұмысшылар арнайы киімдермен қамтылмаған. Ал кей кезде қайғылы жайсыз жайттар еңбеккерлердің қателігінен болып жатады. Сондықтан, түсіндірме жұмыстарын жиі өткізген дұрыс.
Жыл басынан департаментке кәсіпорын қызметкерлерінен 600-ден астам шағым түскен. Өтініштер мен арыздарды жіті қараған мамандар 85 өндіріс орнын тексеріпті. Нәтижесінде тиісті заңнаманы бұзудың 110-нан астам фактісі анықталған.
МИРАС САБАҒАНОВ, ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекция СҚО бойынша департаментінің басшысы:
— Оқыс оқиғалар мен заңнаманы бұзу фактілері көбінесе ауыл шаруашылығы құрылымларында және құрылыс жұмыстары барысында тіркелді. Біз жағымсыз статистиканың өршіп кетпегенін қалаймыз. Сондықтан, өндіріс орнының басшыларынан техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтауды сұраймыз. Жұмысшылар да барынша абай болған жөн.
Айта кету керек, өндірістегі соңғы қайғылы оқиға Айыртау ауданында тіркелді. Саумалкөл ауылындағы серіктестіктердің бірінде еңбек ететін адамдардың денесі кәріз құдығынан табылды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесі 26-шы мамырға дейін шығады.
Нұрасыл Ахмет