Құқық қорғау органдары

СҚО-да интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауқымды акция өтті

Жыл басынан бері интернет-алаяқтар теріскейліктерге 500 млн теңгеден астам шығын келтірген. “Аңқау елге арамза молда демекші, полицейлер адам шошырлық сандар одан әрі ұлғайып кетпес үшін ауқымды акция өткізді. Оның аясында шенділер тұрғындармен кездесіп, қаржылық сауаттылықтарын арттыруға арналған түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Шараның өтуіне мемлекеттік органдардың өкілдері мен еріктілер атсалысты. Олар білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары мен кәсіпорындарға барып, қызметкерлерімен тілдесті. Бейнероликтер көрсету, жадынамалар тарату арқылы алаяқтар ойлап тапқан жаңа схемаларды көрсетті.

ӘЛНҰР АХМЕДЯРОВ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

— Біз мекемелермен қатар адамдар көп жиналатын орындарды аралаймыз. Жаңа схемалар көрсетілген жаднамаларды ғимараттардың қабырғаларына жапсырамыз. Акция апта сайын өткізіледі. Ең бастысы – тұрғындар айтқанымызды мұқият тыңдап, алаяқтарға алданбаса екен.

Осы ретте сандарды сөйлетсек, соңғы екі жылда облыста 1400-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 3 млрд теңгеге жуықтайды. Өкінішке қарай, аталған соманың 10 пайызы ғана иелеріне қайтарылған.

Нұрасыл Ахмет