Петропавлда демалыс күндері мотомаусым ашылды. Темір тұлпарын сайлап, былғары киім киген байкерлер «Қызылжар су» серіктестігінің маңындағы алаңға жиылды. Түрлі ұлт өкілдерінен құрылған ұжым өздерін бір үлкен отбасы санайды. Өйткені, бәрінің қызығушылықтары бір. Ол – мотоспорт.
КИРИЛЛ МАЙСАК, “Северный ветер” мотоклубының директоры:
— Біз бұл күнді асыға күттік. Ауа райының өзі бізді қолдап тұрған сияқты, тамаша болып тұр. Біз Петропавл көшелері арқылы жүріп өтіп, қала сыртына шығамыз. Жол бойында көлік жүргізушілерімен тілдесіп, жолда жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Жаңа қосылған байкерлерге ақыл-кеңесімізді айтамыз. Себебі, бір қателік жасасаң өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Шара «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткізіліп отыр. Мына мотоциклдер қуаты мен бағасы жағынан бір-бірінен асып түседі. Ең кішкентайының өзінде бақандай 50 аттың күші бар. Бағалары да кемінде 1 млн 500 мың теңгеден басталады. Игорь Долгорожев 15 жасынан бастап мотоцикл жүргізеді. 50 жылға жуық өтілі бар. Азамат талай мәрте жол-көлік оқиғаларына түскен. Сонда да хоббиін ешқашан тастамапты. Қазіргі таңда аталған темір тұлпарларды әсемдеумен айналысады.
ИГОРЬ ДОЛГОРОЖЕВ, “Северный ветер” мотоклубының мүшесі:
— Көбінесе сынған мотоциклдерді сатып алып, жөндеймін. Содан соң әрлеп, қымбатқа сатамын. Кішігірім кәсіп деп айтсам болады. Менің мына мотоциклім сырт көзге кішкентай болып көрінгенімен, бойында 600 аттың күші бар. Бүгін жан-жақтан келген достарыммен кездесіп, әңгіме-дүкен құрудамыз. Өз басым мотоциклмен жүргенде еркіндікті, ескен самал желді сезінемін. Қолымнан әл кеткенше бұл хоббиді тастамаймын.
Мотомаусымның ашылуына 50-ден астам байкер жиналды. Араларында нәзікжандылар да бар. Қала тұрғыны Анастасия Шовдинаның қос дөңгелекті көлікті тізгіндеп жүргеніне 2 жыл ғана болыпты. Шараға ағаларынан тәжирибе жинақтауға келіп отыр.
АНАСТАСИЯ ШОВДИНА, қала тұрғыны:
— Менің мотоциклімде 150 аттың күші бар. Болашақта бұдан да мықтысын алғым келеді. Бірақ, ол үшін техниканың қыр-сырын үйренуім қажет. Кішкентай кезімнен техникаға қызығамын. Жұмысқа, керекті жерлерге осы мотоциклмен барып жүрмін.
Айта кету керек, шараға 50-ден астам жиналды. Араларында тіпті өзге өңірлер мен Ресейден келгендері де бар.
Нұрасыл Ахмет