Спорт

Петропавлда мәдениет қызметкерлері арасында спартакиада бастау алды

Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген өнер адамдары Петропавлда бас қосты. Облыс орталығында мәдениет қызметкерлері арасында «Өнер көкжалы» спорттық спартакиадасы бастау алды. Олар 3 күн бойы қазақ күресі, тоғызқұмалақ, волейбол және үстел теннисінен өзара мықтыны анықтайды.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, облыстық халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығының бөлім басшысы:

— Спартакиадаға мәдениет басқармасына қарасты 20-дан астам команда, 350-ге жуық спортшы қатысуда. Жарыс арқылы өнер адамдары бір-бірімен танысады, көңіл көтереді. Сонымен қатар, спортты да насихаттайды.

Спартакиада Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтті. Волейбол жарысының шымылдығын Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен облыстық қуыршақ театры ашты. Сахна саңлақтары кәсіби спортшылардан кем түспеді. Әдемі комбинациялар мен шегеше қадалған жойқын соққылар ойынның көркін қыздырды. Тартыс қорытындысы бойынша Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қызметкерлері қарсыластарынан басым түсті.

ЖАНБОЛАТ ҚОНЫСБЕК, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі:

— Қарсыластарымыздан 15-7, 15-10 басым түстік. Ойын көңілден шықты. 20-мамырда қазақ күресінен жарыс өтеді. Аталған додада да өнер көрсетемін.

Үстел теннисі додасы спартакиаданың одан әрі көркін қыздырды. Сайысқа 24 команда тіркелген. Барлығы жеңістен үмітті.

НАУРЫЗБАЙ РҮСТЕМОВ, Айыртау аудандық мәдениет үйінің әншісі:

— Мәдениет саласында жүргеніме 6 жылдан асты. Үстел теннисін мектеп кезінен ойнаймын. Спартакиада өте жоғары деңгейде өтуде.

Ал тоғызқұмалақ додасына 21 команда қатысып жатыр. Барлығы – 42 адам өнер көрсетуде. Жарыста Есіл ауданынан келген өнер адамдарының асығы алшысынан түсуде. Олар алғашқы ойында облыстық халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығының ұжымынан басым түсті.

АЗАМАТ НҰРТАЗИН, Николаевка ауылдық мәдениет үйінің қызметкері, Есіл ауданы:

—  Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Бірінші ойын өте тартысты өтті.

Спартакиада 20-мамырда өз мәресіне жетеді. Жарыстың жүлде қоры 3 млн 600 мың теңгені құрайды. Айта кету керек, облыстың мәдениет саласында 2700-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 60 пайызы ауылдық жерлерде еңбек етеді.