Білім

Өңірде Орталық Азия бойынша алғашқы геномика мектебі жұмысын бастады

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде функционалдық геномика және биоинформатика мектебі ашылды. Бұл білім беру жобасы өңірде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биыл шара халықаралық деңгейге шығып, оған Қазақстаннан бөлек Әзірбайжан, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан 14 жас зерттеуші арнайы келді. Олар бес күн бойы геномдық деректермен жұмыс істеудің ең озық тәсілдерін меңгереді.

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:

— Бұл жоба біздің университетімізде екінші жыл қатарынан сәтті жүзеге асып жатыр. Биыл мектепті халықаралық деңгейге сай серіктестермен бірлесе ұйымдастырдық. Мақсатымыз – жас ғалымдарға заманауи секвенирлеу платформаларымен жұмыс істеуді үйретіп, озық ғылыми тәжірибе алмасу алаңын құру.

Ғылыми шара биыл әлемге танымал Arizona Genomics Institute және Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының тікелей қолдауымен өтіп жатыр. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Орталық Азиядағы аграрлық сектордың болашағы дәл осы генетикалық зерттеулердің деңгейіне тікелей байланысты. Осы орайда Ислам ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламалық менеджері Шахло Атабаева азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуде заманауи биоинформатиканың рөлі қандай екенін айтып берді.

ШАХЛО АТАБАЕВА, Ислам ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі бағдарламалық менеджері:

— Қазіргі таңда геномика мен биоинформатика – мемлекеттердің стратегиялық дамуына әсер ететін маңызды сала. Мұндай технологиялар климаттық өзгерістерге төзімді, өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы дақылдарын жасауға мүмкіндік береді. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі кілті.

Мектеп шеңберіндегі зерттеулердің негізгі нысаны ретінде еліміз үшін стратегиялық маңызы бар бидай мен күріш дақылдары таңдап алынды. Жас ғалымдар 22-ші мамырға дейін жалғасатын 40 сағаттық қарқынды курста селекциялық әдістерді жетілдірудің жолдарын іздейді. Сондай-ақ, зертханалық жұмыстардың нәтижесінде алынған деректерді халықаралық ғылыми басылымдарда жариялау дағдыларын қалыптастырады.