Мәдениет

Ақын, этнограф Манап Ысқақованың мұрасы қайта жаңғырды

Балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан ақын, этнограф Манап Ысқақованың мұрасы қайта жаңғырды. Жерлесіміздің 1993, 1998 және 2003-ші жылдары басылған өлеңдер жинақтары Қытайда заманауи үлгіде жаңартылып, оқырман қауымға ұсынылды. Тұсаукесер рәсімі Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өтті. Қаламгердің туындыларына екінші өмірді немересі сыйлапты.

ЖАННА РАХИМОВА, Манап Ысқақованың немересі:

— Әжеміз – ерекше тұлға. Өлеңдер балаларға деген махаббат, қазақ тіліне деген құрмет және мәдениетімізге деген қызығушылықпен шығарылған. Осы жылы кітаптарға жаңа өмір беріп отырмыз. Әртүрлі тактильді, интерактивті элементтерді қостық.

Шарада “Балаларға базарлық”, “Жануарлар жыры”, “Табиғат – туған үйіміз” атты кітаптардың тұсакесері өтті. Жиында қаламгердің достары, туыстары мен замандастары естеліктерімен бөлісті. Манап Ысқақованың еңбектері кейінгі ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатынын да атап өтті.

ФАРИДА ТАСЫМОВА, Манап Ысқақованың әріптесі:

— Манап Ысқақова бастауыш сыныбына сабақ берген. Зейнетке шыққаннан кейін өлең жаза бастады. Ол – қазақ тілінің дамуына үлес қосқан тұлға. 1990-шы жылдары қазақ тілінде мүлде кітап болмады. Сондықтан ол балалар үшін ана тілде Отанды, табиғатты, әлемді таныстыратын туынды шығарды.

Бүгінде жаңа мұқабаға ие болған, жаңартылған жинақтар Қазақстан бойынша кітап дүкендеріне таратылып, оқырман сұранысына ие болуда.