“Дәрігер адамды емдесе, ветеринар адамзатты емдейді” деп жатамыз. Ал бұл салада Сәбит Бейсекеев 40 жылдан аса еңбек етіп жүр. Ол Есіл ауданының Николаевка ауылдық округіндегі жануарларға жауапты. 1985 жылы техникумды бітіріп, туған жеріне оралған. Содан бері ешқайда көшкен де, жұмысын ауыстырған да емес.
СӘБИТ БЕЙСЕКЕЕВ, Николаевка ауылдық округінің ветеринар дәрігері, Есіл ауданы:
– Жас мамандарға берер кеңесім бар: біздің салада бәрін білу жеткіліксіз, жануарларды жақсы көру де маңызды. Егер сіз ұқыпты, мейірімді болсаңыз, тиісті көңіл бөлсеңіз, мұны қорадағы малдың барлығы сезеді. Олар да сүйіспеншілікті жақсы көреді. Сонда ғана салада лайықты орныңды табасың. Мен осыны түсіндім.
Бүгінде мемлекет саланы дамытуға және ауылдық жерлерде қолайлы жұмыс iстеу үшiн көңіл бөлуде. Мамандар тың техника мен заманауи жабдықтар алып жатыр. “Бұның барлығы – қуантарлық нәрсе”,- дейді Сәбит Бейсекеев. Қазір ауылдық округте жаңа ветеринарлық пункт салынуда.
СӘБИТ БЕЙСЕКЕЕВ, Николаевка ауылдық округінің ветеринар дәрігері, Есіл ауданы:
– Жаңа қызметтік автокөліктер берілген, бізді қысқы және жазғы арнайы киімдермен қамтамасыз етеді. Облыстық басқармаға алғысымды айтқым келеді. Бұрын қиналғанымызды жасырмаймын. Құрал-сайман, дәрі-дәрмек жоқ кез. Алайда, біз мойымадық. Елдің игілігі, жануарлардың саулығы үшін жұмыс істедік.
Сәбит Бейсекеевті әр ауылда біледі, ерекше құрметтейді. Жылдың кез келген мезгілінде, тәуліктің кез келген уақытында көмекке келетін ағамыз тұрғындар үшін нағыз құтқарушының өзі.
ЕЛЕНА МАТЕЙКО, Николаевка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Сәбит Бейсекеевті біз көп жылдан бері білеміз. Ол совхоз уақыты кезінде де жұмыс істеді. Жауапты маман, жақсы адам. Халық оны мысығы мен иті ауырса да шақырады. Ешқашан қарсылық танытқан емес. Көп ұзамай зейнетке шығады. Біз ветеринарымызға мықты денсаулық, отбасына амандық және барлық жақсылықты тілейміз.
Жерлесіміз адал еңбегі, жоғары көрсеткіштері үшін Құрмет грамоталарымен және басқа да наградалармен марапатталған. 17 мамыр күні Сәбит Бейсекеев 63 жасқа толады. Ветеринар сүйікті жұмысынан қол үзгісі келмейді. Азамат – 3 баланың әкесі. Бүгінде 10 немересі бар. Ұлдарының бірі әке жолын қуып, елордада өзінің ветеринарлық клиникасын ашыпты.
Байболат Култанов