Бүгін – Халықаралық отбасы күні. Бұл мерекенің негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту. Десе де, соңғы жылдардағы статистика көңіл көншітпей тұр. Солтүстік Қазақстан облысында шаңырақ көтергендердің санынан гөрі некесіне нүкте қойғандардың үлесі артып барады. Мамандардың дерегіне сүйенсек, өткен жылы облыс бойынша ажырасу көрсеткіші айтарлықтай жоғары болған.
ӘСЕЛ ХАМЗИНА, қалалық АХАТ бөлімінің басшысы:
– 2025 жылы СҚО АХАТ бөлімдерімен 2745 неке тіркелді. Осы кезеңде ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша 1049 неке бұзылды.
Бұл кері үрдіс биыл да жалғасып жатыр. Жыл басталғалы 700-ден астам жұп некеге тұрса, соның тең жартысына жуығы қазірдің өзінде ажырасып кеткен. Статистикаға сүйенсек, неке қию бойынша Петропавл қаласы көш бастап тұр. Ал аудандар арасында Айыртау, Тайынша және Ғабит Мүсірепов аудандарының тұрғындары шаңырақ көтеруде ең белсенді. Десе де осы өңірлерде түрлі желеумен ажырасуға өтініш беретіндер де аз емес.
ӘСЕЛ ХАМЗИНА, қалалық АХАТ бөлімінің басшысы:
– 2026 жылы СҚО-да 698 неке тіркелді, өзара келісім бойынша 278 неке бұзылды. Некені бұзудың себептері әртүрлі, бірақ ең көп таралған тұжырымдама “мінездермен келіспеді.
Алайда, «мінездің келіспеуі» – бұл мәселенің беті ғана. Іс жүзінде отбасын сақтап қалу үшін сабыр мен өзара құрмет қажет. Осы орайда қала тұрғындарынан бақытты отбасының құпиясын сұрап көрдік.
– Ер кісі сөйлегенде әйел адам тыныш отырып, тыңдай білуі керек. Біздің менталитетіміз сондай: қазақ халқында ер адамды әрдайым бірінші орынға қойған. Ол – отбасының тірегі әрі басы. Мысалы, біз күйеуіміз екеуміз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Ең бастысы – сыйластық. Сондай-ақ, адамның бойындағы ата-анадан алған тәрбиесі мұнда бірінші орында тұрады деп ойлаймын.
– Жұбайлардың бір-біріне деген сенімі – отбасының мызғымас іргетасы. Бәрінен бұрын сенімді жоғары қою керек, өйткені сенім бар жерде ғана бақыт орнайды.
– Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді ғой негізі. Отбасын сақтап қалу үшін, менің ойымша, барынша түсініспеншілікпен қарап, бір-біріне сабырлық сақтау керек. Балалармен көбірек уақыт өткізген абзал. Күйеуің де, өзің де жұмыс істесең, барынша уақыт тауып, отбасыңа аз болса да сапалы уақыт бөлу керек деп ойлаймын.
Мамандардың айтуынша, ажырасудың алдын алу үшін тек материалдық жағдай емес, моральдық дайындық та керек. Отбасы күні қарсаңында жас жұбайларға айтылар басты кеңес – сезімге емес, сабырға сүйену қажет.
Жангельды Жамалиев