Петропавлда “Үйді басқару, жауапкершілік, сенім, нәтиже” тақырыбында облыстық форум өтті. Шара “AMANAT” партиясының “Тұрғындар аманаты” жобасы аясында өткізіліп отыр. Маңызды жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер жіпке тізіліп, оларды шешу жолдары талқыланды. Форумға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– СҚО-да 1600-ден астам көппәтерлі баспана бар. 200-ге жуық пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді. Біз “Тұрғындар аманаты” жобасы аясында тұрғын үйлерді басқару процестерінің ашықтығын арттырып, қаржылық есептілікті цифрландырғымыз келеді. Сонымен қатар, тұрғындардың шешім қабылдау процесіне белсенді қатысқанын қалаймыз. Алдағы уақытта осы айтылғандар бойынша халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы дамысын десек, тазалық жұмыстарына ерекше көңіл бөлген жөн. Бұл бағытта теріскейліктер өте белсенді. 28-наурыздан бастап облыста өткен сенбіліктер мен бейсенбіліктерге 90 мыңға жуық жерлесіміз қатысты. 1300 тұрғын үй мен 600-ге жуық ескерткіш тазаланды. Барлығы – 112 мың тонна қоқыс шығарылды. Айта кету керек, шараға “AMANAT” партиясының хатшысы Александр Данилов арнайы келген.
АЛЕКСАНДР ДАНИЛОВ, “AMANAT” партиясының хатшысы:
– Біздің басты мақсатымыз – көпқабатты баспаналарда тұратын тұрғындардың тұрмысын жақсарту, ПИК мен халық арасындағы қарым-қатынасты оң жолға қою. Тұрғындардан жиналған ақшаның тиісті жерге жеткенін және қалтаға басылмағанын қалаймыз. Сондай-ақ, баспаналарды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе екен дейміз. Осы мақсатта “Тұрғындар аманат” жобасын іске қостық.
Шара барысында инженерлік желілердің тозуы, төлемдер мен тұрғын үйлерді басқару бойынша мәселелер көтерілді. Айта кету керек, облыстағы көпқабатты баспаналардың 70 пайызы Петропавлда орналасқан. Маңызды жиында тағы бір түйткілдің беті ашылды.
СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:
– Петропавлда 200-ге жуық ПИК бар. Оның бірде-бірі қайта тіркеуден өтпеген. Осы ретте жиынды пайдаланып төрағаларына тезірек қимылдау қажет екендігін жеткізгім келеді. Егер қандай да бір сұрақтарыңыз болса маған жүгінулеріңізге болады. Алдағы уақытта әкімдікпен бірлесіп ТҮКШ саласына цифрландыру және сервистік қызмет сапасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізбекпіз.
Шара соңында облыстық ТҮКШ саласының дамуына зор үлес қосқан 30-ға жуық адам марапатталды. Олар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің төсбелгілерімен және Алғыс хатымен марапатталды.
Нурасыл Ахмет