Петропавлдағы “Достық” сауда-ойын-сауық орталығында “Бір ауыл – бір өнім” жобасы аясында жәрмеңке өтті. Шараға өңірдің түкпір-түкпірінен тауар өндірушілер қатысуда. Басты мақсат – жергілікті шикізаттан жасалған өнімдерді дамыту, нарыққа шығару және кәсіпкерлерді қолдау. Айта кету керек, шараны облыстық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр.
МАРАТ ЫСҚАҚОВ, СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
– Мұндай жәрмеңке осымен 3-ші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – “Бір ауыл – бір өнім” жобасы аясында өткізіліп отырған байқаудың бірінші кезеңі болып табылады. Шараға 43 кәсіпкер қатысуда. Оның 20-сы келесі кезеңге жолдама алады. Ал финалдық сынға 10 тауар өндіруші өтеді. Айта кету керек, сайыс жеңімпазы 5 млн теңгенің грантына ие болады.
Жәрмеңкеде ет пен сүт өнімдері және ұлттық киімдер мен бағалы бұйымдар сөрелерге қойылды. Әрқайсысының бағасы дүкендерден 15-20 пайызға төмен.
КӘМЕЛ ШӘКЕНОВА, қолөнерші, М. Жұмабаев ауданы:
– Бұл көрмеге қатысудағы мақсатым – ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, қомақты жүлдеге ие болу. Құрақ көрпе тігіп, қыз жасауына арналған бұйымдар жасаймын.
Бұл шараның тұрғындарға да пайдасы тиді. Олар өздеріне керек тауарлар мен бұйымдарды қолжетімді бағаға сатып алуда. Жәрмеңке маңында жүрген жандардың да қарасы қалың.
БАҚЫТЖАН МҰҚАШЕВА, қала тұрғыны:
-Жергілікті тауар өндірушілермен таныстым. Әсіресе ұлттық нақышта тігілген киімдер көңілімнен шықты. Қазір біреуін сатып алуды жоспар отырмын.
Аталған жобаның жүзеге асуына жапониялық компания зор қолдау көрсетуде. Биыл жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттауға күншығыс елінен меймандар келеді деп жоспарлануда.