Қоғам

Петропавл мен Бескөл арасындағы жолды жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
– Біз қазір Петропавл мен Бескөл ауылының арасындағы жолда тұрмыз. Республикалық маңызы бар тасжолды жөндеу жұмыстары басталып кетті. Көлік қозғалысына шектеу қойылған. Осының әсерінен кептеліс байқалады.

Жолды “Қызылжар Жолдары KZ” серіктестігінің 50-ге жуық маманы жөндеп жатыр. Олар 5 шақырымдағы істі тындырған. Алда тағы осындай қашықтық бар. Қайта қалыпқа келтіру жұмысының ендігі кезеңдері жайлы жауаптылардан сұрадық.

ЕРЛАН ЖҰМАҒҰЛОВ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО филиалы директорының орынбасары:
– Қазіргі таңда 473 пен 483-ші шақырым аралығында төменгі тегістеуіш қабатты төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі апта жолдың ең үстіңгі, негізгі асфальтын құюды бастаймыз. Бұл материал өте төзімді келеді. Барлығы бақылауда. Жұмыс ұдайы қадағаланады.

Инфрақұрылымды жаңарту тек асфальт төсеумен шектелмейді. Петропавл-Бескөл бағытындағы жолдың бойында жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау үшін бюджеттен 3,6 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат қауіпсіздікті арттыру мен сервисті жақсартуға жұмсалмақ.

ЕРЛАН ЖҰМАҒҰЛОВ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО филиалы директорының орынбасары:
– Бұл жоба аясында 12 жаңа автобус павильоны орнатылады, оның 2-еуі жылытылатын үлгіде болады. Мұндай жұмыстардың жүргізілуіне жол бетіндегі терең ойықтар мен асфальттың үгітілуі себеп болды. Осындай ақаулар қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп тұр.

Петропавл мен Бескөл арасындағы жолды жөндеу жұмыстары қашан мәресіне жетеді? Бұл – көптің көкейіндегі сауал. Сұрақты мердігерге қойдық. Жөндеуші тараптың сөзінше, жоспардағы іс толықтай қазан айында аяқталады.

 

Жангельды Жамалиев