“Отбасы саяжолы”. Петропавлда осындай атаумен Халықаралық отбасы күніне орай экологиялық акция өтті. Шараға қалалық мектептердің оқушылары, олардың ата-аналары, ата-әжелері мен бауырлары қатысты. Барлығы – 100-ге жуық адам жиылды. Шараны ұйымдастырудағы мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайту, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары:
– Таза Қазақстан тұжырымдамасы аясында бізде әрбір айдың өз мерекесіне орай іс-шаралар өткізіледі, Бұл шараның мақсаты – отбасымен бірге уақыт өткізу және де эколоиялық жауапкершілікті сезіну болы табылады. Халықаралық отбасы күніне байланысты әдістемелік орталықтың атынан барша қазақстандық отбасыларды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл бастама облыстың барлық аудандарында қатар өткізілді. Жаңбыр жауып тұрса да жиналғандардың көңіл-күйі көтеріңкі. Саябақта қарағай, аққайың және шырша секілді ағаш түрлері егілді. Қатысушыладың арасында осындай шараға жыл сайын келетіндер де, отбасымен алғаш рет қатысып жатқандар да бар.
ДАСТАН ҚАПКЕНОВ, шараға қатысушы:
– Мынау бүгінгі отбасылық мереке күніне орай біз Қапкеновтер отбасысы болып, саябаққа ағаш отырғызуға келдік. Еліміз әрқашан осылай жасыл болып өркендей берсін дейміз. Соған өз үлесімізді қосқымыз келді.
Акция аясында Тұңғыш Президент саябағында 40-қа тарта ағаш отырғызылды. Облыс бойынша 3200-ге жуық көшеті егілді. Бірлесе егілген жасыл желек – аймақ жұртшылығының туған жерді көркейтуге қосқан ортақ үлесі және өңірдегі отбасылық құндылықтардың көрінісі болмақ.
Жаннур Бектурганова