Білім

Қожаберген жырау атындағы №6 мектепке – 30 жыл

Бүгін Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің құрылғанына – 30 жыл. Мерейтойға орай Оқушылар сарайында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Оған білім ұясында еңбек еткен ардагер ұстаздар, түлектер әрі арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

АЙНАГҮЛ ЕСҚАЛИЕВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің директоры:
– Таңда Қожаберген жырау атамыздың басына барып гүл шоқтарын қойдық. Одан кейін мектебіміздің ең алғашқы директоры Әлия Ысқаққызының атындағы тарих кабинетін аштық. Қазіргі таңда мерейтойымыз әлі де жалғасуда.

Білім ұясы 1996 жылы құрылған. Ол кезде мектепті небәрі 7 түлек тәмамдаған еді. Бүгін олар 30 жылдық мерейтойға арнайы келіп, қатысып отыр.

ТОЙБЕК ЖОЛДАСПАЕВ – мектептің тұңғыш түлегі:
– Біз – аталмыш мектептің ең алғашқы түлегіміз. Онда ең бірінші 7 ер бала оқыдық. Мектепті 1997 жылы тәмамдадық. Ол жаңа ашылған кезі болатын: жарты бөлігінде жөндеу жұмыстары жүріп жатса, қалған жартысында білім алатын едік”.

Іс-шара барысында білім ұясында қызмет етіп келе жатқан 50-ден астам ұстаз құрметке бөленді. Олардың қатарында Шынар Темірханова бар. Нәзікжанды осы мектепте ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Бүгін педагог облыстық білім басқармасының атынан Құрмет грамотасымен марапатталды.

ШЫНАР ТЕМІРХАНОВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мұғалімі:
– Білім саласында 40 жылдай жұмыс істеп келемін. Музыка пәнінің мұғалімімін. Осы білім ордасына келгеннен бері біраз өзгеріс орын алды. Басында 300-ге жуық оқушыны 3 ауысыммен оқытатын едік. Қазір жаңа мектепке ауыстық. Әрбір сынып заман талабына сай жаңартылған.

Айта кетейік, қазіргі күні білім ұясында 92 педагог 1 мыңнан астам балаға ұстаздық етеді. Мектепті жылына 80-жуық түлек тәмамдайды.

Улан Ыдырыс