Қоғам

Ата-аналарға баламен дұрыс байланыс орнату жайлы айтылды

Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде Отбасы күніне орай арнайы шеберлік алаңы ұйымдастырылды. Жиынның өтуіне ұйытқы болып отырған – облыстық “Психологиялық қолдау орталығы”. Шараға студенттердің ата-аналары арнайы шақырылыпты.

НАТАЛЬЯ КАЧАЛКИНА, облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры:
– Біз іс-шара барысында ұстаздар мен ата-аналарға жас балалармен байланыс орнатуды үйретеміз. Көп жағдайда ұл-қыздар ұстаздары түгілі әке-шешесіне ашыла бермейді. Арада ұрыс, жанжал да орын алады. Статистикаға зер салсақ, өңірде өзіне қол жұмсағысы келген жастардың басым көпшілігі – ата-аналарымен, заңды өкілдерімен кикілжіңге түскендер. Біздің орталыққа биылдың өзінде 16 бала хабарласып, психологиялық көмекке мұқтаж екендерін жеткізді.

Іс-шараға қатысып отырған жанның бірі – Иван Морев. Колледжде ұстаздық қызмет атқарады, баласы да осы жерде оқиды. Айтуынша, бүгінгі шеберлік алаңына бейжай қарамау керек. Баламен дұрыс байланыс – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе.

ИВАН МОРЕВ, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің оқытушысы:
– Осы сынды іс-шараларды жиі ұйымдастыру керек деп санаймын. Себебі, біз кей кезде жасөспірім балаларымызбен сырласпаймыз, оларды тыңдамаймыз. Әрине, арада бөгет қалыптасады. Мұндай кезде оның не ойлап, не қойғанын білмейсің. Жасөспірім қиын жағдайға тап болса, өзіне қол жұмсауы да ғажап емес. Сол себепті, оның алдын алуға тиіспіз.

Айта кетейік, жалпы 2 жылдың ішінде “Психологиялық қолдау орталығының” мамандары 3 мыңнан астам ата-ана мен ұстазға осы сынды шеберлік сабақтарын өткізген.

Улан Ыдырыс