Қоғам

СҚО-да құны 53 млрд теңге болатын май экстракциялау зауыты салынады

Өткен жылдың қараша айында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған өңір делегациясы Қытай Халық Республикасына ауқымды жұмыс сапарымен барды. Бейжің мен Сиань қалаларында өткен іскерлік кездесулер мен технологиялық келіссөздер бүгінде оң нәтижесін беруде. Соның бірі – Ғабит Мүсірепов ауданында құрама жем зауытын салып жатқан «Kazmeel» серіктестігі мен қытайлық «XIYU AGRICULTURAL» корпорациясы арасындағы әріптестікті кеңейту туралы келісім. Берік ынтымақтастық аясында өңірде құны 53 млрд теңгені құрайтын май экстракциялау зауыты салынады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы мен қытайлық компаниялар арасындағы ынтымақтастық нақты нәтижелер беріп, агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруде. Биыл біз 4 млн гектардан астам алқапқа егін егуді жоспарлап отырмыз және бұл бағытта ірі инвестициялық жобалардың маңызы зор. Жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы қосымша жұмыс орындарын құру – біздің атқарушы органдар үшін басты басымдық болып қала береді. Біз әрбір инвесторға «24/7» режимінде жан-жақты қолдау көрсетіп, жобалардың сәтті жүзеге асуына барынша қолайлы жағдай жасаймыз.

Болашақ кәсіпорын тәулігіне 1400 тонна өнім өңдеуге қауқарлы. Бұл – облыс үшін шикізат экспортынан дайын өнім шығаруға көшудің төте жолы. Жоба аясында 150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қытайға сапар барысында тараптар тек өндіріс емес, технология мен білім алмасу мәселесін де пысықтаған еді. Нәтижесінде компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жергілікті мамандарды халықаралық деңгейде оқытуды міндетіне алды.

ГЭ КАЙХУА, «Beijing Xiyu Zehua Trading Group Co., Ltd.» компаниясының басқарма төрағасы, ҚХР:
– Біз Солтүстік Қазақстанға тек капитал емес, ең озық технологияларды ала келдік. Қарашадағы кездесулерде кадр мәселесіне қатысты да пікір алмастық. Алдағы бес жыл ішінде жыл сайын 25 солтүстікқазақстандық жасты Қытайдың Халықаралық техникалық институтында тегін оқытуды қолға аламыз. Олар заманауи автоматтандырылған желілерді басқара алатын білікті мамандар болып шығады. Бұл – ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестіктің кепілі.

Шетелде білім алған мамандардың алғашқы легі зауыт іске қосылған сәтте-ақ дайын кәсіби кадр ретінде еңбекке араласады. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов маман даярлау ісінің аймақ болашағы үшін маңызын атап өтті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл – нағыз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Инвестордың өз қаржысына жастарымызды әлемдік деңгейдегі оқу орындарында даярлауы өңірдің интеллектуалды және техникалық капиталын нығайтады. Мұндай қадамдар экономиканың тұрақты дамуына, өндіріске инновациялардың келуіне және аймақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей жол ашады. Біз инвесторлармен тек зауыт салу деңгейінде емес, осындай маңызды әлеуметтік бағыттарда да серіктес болуды жалғастырамыз.

Айта кету керек, Ғабит Мүсірепов ауданында орналасатын май экстракциялау зауытының құрылысы 2028 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Жангельды Жамалиев