Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері тағы бір есірткі жеткізушіні ұстады. Петропавлдың «Оңтүстік» бақылау-өткізу бекетінде «Audi» автокөлігі тоқтатылған. Іштегі 26 жастағы жолаушыны тінту кезінде одан күмәнді түйіншек табылыпты. Оның ішінде вакуумды қаптамаға салынған сары түсті желе тәрізді зат болған. Бұл – 1200 грамм болатын гашиш майы. Полицейлердің айтуынша, мұндай көлемдегі есірткі 3 мыңнан астам адамды нашақорлыққа тартуға жетеді. Ал күдіктінің жалдамалы пәтерін тінту барысында «жасырын орындарға» тығуға дайындалған арнайы орамдардағы 100 грамм α-PvP синтетикалық есірткісі тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Байболат Култанов