С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың төрінде Шахмет Хұсайыновқа арналған тағылымды іс-шара өтті. Қара шаңырақта қазақ драматургиясының алыбы атанған жазушының 120 жылдығы атап өтілді. Жерлесіміздің қаламынан 30-дан астам пьеса, ондаған киносценарий шыққан. Көбі алтын қорға енген. “Сахна тілінің сардары” атты әдеби кешке өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен студенттер жиналды.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы-журналист:
– Шахмет Хұсайыновты көп ақын жазушылар жақсы көрген еді. Бәрі қолдайтын еді.
Кеш барысында жазушының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы баяндалды. Айыртау ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келген Шахмет Хұсайынов Мағжанды оқып тәлім алады. Өнер жолын техникалық сахнадан бастаған. Кейін “Біз осында тұрамыз”, “Өжет қыз” сияқты классикалық туындылардың сценарийін жазып, еліміздің кинодраматургиясының негізін қалаушы атанды.
СӘБИНА МҰҚАН, студент:
– Бұл шарада жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген ақпарат білдік. Ол – қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан тұлға. Ол халыққа рухани тәрбие беріп, елге деген сүйіспеншілігін арттырады.
Кітапхана залында “Дарынды драматург” атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман назарына жазушының сирек кездесетін еңбектері ұсынылды.
Жаннур Бектурганова