Петропавлда Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мамандарының ұйымдастыруымен облыстық «Quiz» интеллектуалдық ойыны өтті. Шара белгілі жазушы Есләм Зікібаевтың 90 жылдық мерейтойына арналды. Додаға қаланың алты бірдей іргелі білім ошағынан жиналған ең зерек оқушылар қатысып, өз араларында үздікті анықтады.
ӘНЕЛ БЕЙБІТ, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:
– Мен бұл жерге өзімді сынап, жеңіске жету үшін келдім. Осындай жарыстар әр қатысушыға қабілетін көрсетуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан, бұл сайыс мен үшін өте маңызды. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.
Ойын барысында командалар логикалық сұрақтарға жауап іздеп, шапшаңдық пен топтық ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Әр кезең сайын тапсырмалар күрделеніп, оқушылардың тек есте сақтау қабілеті ғана емес, сонымен қатар жылдам шешім қабылдау шеберлігі де сыналды. Қазіргі таңда зияткерлік ойындар – жас ұрпақтың аналитикалық ойлау қабілетін дамытудың ең тиімді құралы. Кітапхана қызметкері Хавдолла Бейсхан бұл әдістің бала тәрбиесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтті.
ХАВДОЛЛА БЕЙСХАН, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
– Жарыстың негізгі мақсаты – балаларды тез ойлауға баулу, сонымен қатар ойын арқылы ойлануға үйрету. Еуропаның бір данышпаны: «Бала ойнамаса, ойыны қанбаса, одан ойлы азамат шықпайды», – дейді. Демек, біз ойнап жүріп ойлайтын болсақ, бұл – үлкен жетістік деп ойлаймын.
Интеллектуалдық дода соңында озық ойымен оқ бойы алға шыққан командалар мен белсенді оқушылар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жангельды Жамалиев