Спорт

Петропавлда әскерилер арасында қоян-қолтық ұрыстан турнир басталды

Петропавлда Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін әскери қызметшілер арасында қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир бастау алды. Сайыс халықаралық дәрежедегі спорт шебері, атақты жерлесіміз Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған. Бәсекеде 70-ке жуық қатысушы 7 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасады. Бұл додада офицер мен сержанттардан бөлек, сарбаздар да бақ сынап жатыр.

СӘТЖАН ӘБІШОВ, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы, Астана:
– Бұл жарыстың мақсаты – қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық Ұлан командасын жинақтау. Бұл турнир алдағы уақытта өткізілетін жарыстарға іріктеу болып табылады. Сайысқа 7 бірдей команда қатысады.

Көптен күткен сайыс та басталды. Ортаға “Орталық” және “Батыс” қолбасшылығының әскери қызметшілері шықты. 97 келі салмақтағы кездесу тартысқа толы болды. Қарсыластар алма-кезек соққы алмасып, ұпай еншіледі. Жеңіс көк белбеудегі ақтаулы спортшының қанжығасында кетті.

ТЕМІРЛАН РЫСМҰХАНБЕТ, ҚР ҰҰ 6656 ә/б бригадасының взвод сержанты, Ақтау қаласы:
– Осы сайысқа 3-ші рет қатысып отырмын. Бірінші жарыста үшінші орын алдым, екіншісінде қола бұйырды. Биыл топ жаруға тырысамын. Қарсыласым жақсы.

Айта кетейік, аталмыш турнир 16 мамыр күні аяқталады. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға арнайы белбеулер мен сыйлықтар табысталады.

Улан Ыдырыс