Спорт

Өңірдің баскетболшы қыздары тарихты жаңартты

Мына жастар – өңір тарихын жаңартқан баскетболшы қыздар. Олар жақында Қарағанды қаласында өткен баскетболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бас бапкер Павел Антоненконың айтуынша, бұл – соңғы 30 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

ПАВЕЛ АНТОНЕНКО, баскетболдан облыстың аға жатықтырушысы:
– Біздің құрам “Жеңіс” және “Барс” спорт мектептерінің қыздарынан жинақталған. Біріншілікке 2 ай дайындалдық. Дүбірлі додаға 7 команда қатысты. Турнирде барымызды салдық. Біздің қарсыластар – ұлттық әрі жоғарғы лиганың тұрақты ойыншылары. Шәкірттерім мұндай жоғары деңгейде ойнамаса да бәсекелестермен терезесі тең ойын көрсетті. Бұл – біздің ағымдағы жылдағы 2-ші жүлдеміз. Осыған дейін теріскейлік баскетболшы қыздар жүлделі болмаған еді”.

Қарағандыда өткен чемпионатта ең үздік 5 ойыншының тізіміне петропавлдық екі бірдей баскетболшы қыз енген. Дина Пяткова мен Карина Жгельская – 15 жаста. Яғни, олар чемпионаттағы қарсыластарынан 2 жылға кіші. Соған қарамастан жерлестеріміз әр кездесуде сенімді ойнап, үздіктердің қатарынан көрінді.

ДИНА ПЯТКОВА, баскетболшы:
– Чемпионат маған қатты ұнады. Мен әр ойында орташа есеппен 10 ұпай жинадым. Шешуші кездесуде менің тиімділік коэффициентім 43-ті құрады. Бұл соңғы жылдардағы ең жақсы көрсеткішім. Сол себепті де турнирдің үздік ойыншылары қатарынан көріндім.

Өңірімізде мұндай жасөспірімдер бой түзейтін жастар бар. Жақында теріскейлік Дарья Фефелованы ел таныды. Ол 18 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында ең үздік ойыншы атанды. Жерлесіміз әр ойында кемінде 25 ұпай жинаған екен. Ұлттық құрамаға шақырту алды.

 

ДАРЬЯ ФЕФЕЛОВА, баскетболшы:

– Ұлттық құрамамен жазда Астана қаласында оқу-жаттығу жиыны өтеді. Сол кезде барымды салып, өзімді жақсы жағынан көрсетуге тырысамын. Мақсат – халықаралық додаларда өнер көрсету. Әзірге қызу дайындық үстіндемін. Бапкерлерім қолдау көрсетіп отыр. Жалпы, осы спорт түрімен айналысқаныма 7 жыл болды.

Қазіргі күні баскетболшы қыздар алдағы бәсекелерге дайындалып жатыр. Бас бапкердің сөзінше, енді облыста әйелдер баскетбол клубын құру қажет. Себебі, таланттар бар, олармен биік белестерді бағындыруға болады.

 

Улан Ыдырыс