Қоғам

М.Жұмабаев ауданында мал азығы ұнын өндіретін диірмен кешені ашылды

Бірлескен жұмыстың нәтижесі! Мағжан Жұмабаев ауданында мал азығы ұнын өндіретін диірмен кешені іске қосылды. Бұл – инвестициялық жоба. Кәсіпорынның ашылуы үшін қытайлық компания мол қаржы құйған.

АЛМАС КЕНЖЕБАЕВ, “Silk Way Link” ЖШС директоры:
-Қазіргі таңда кәсіпорында 50-ге жуық адам еңбек етеді. Қытайлық 500 млн теңге инвестиция құйды.

Өндіріс орнының ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Абай Қазисов, қытайлық серіктестер мен тұрғындар қатысты. Айтулы жиын барысында келген меймандар жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, арнайы концерттік бағдарлама да ұсынылды. Кейін кәсіпорынның ресми түрде таспасы қиылды. Кәсіпорынның жылдық қуаты 120 мың тоннадан асып жығылады. Диірмен кешені мал азығы ұнын өндіруге арналған 4-5 сұрыпты дәнді-дақылдарды жергілікті диқандардан сатып алады. Әдетте, мұндай өнім облысымызда аса іске жаратылмайды дейді жергілікті мамандар. Ал қытайлық тараптың араласуынан кейін жемдік ұннан дәруменге аса бай гранула түріндегі құрамажем дайындалады. Өндіріс орнында арнайы шикізатты қабылдау және сақтау орны бар. Мұнда роботтандырылған жүйе іске қосылған. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін мұнда 100 адам еңбек етеді. Бұл аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешігуе өз ықпалын тигізеді. Шымкенттің тумасы Нұрбол Ержановтың теріскейге көшіп келгеніне 5 жылдан асқан. Азаматтың 5 баласы бар. Ол өзі тұрып жатқан ауданда осындай өндіріс орнының ашылғанына дән риза. Себебі, мұнда жұмысшыларға бар жағдай жасалған, жалақысы да жоғары.

НҰРБОЛ ЕРЖАНОВ, “Silk Way Link” ЖШС қызметкері, М.Жұмабаев ауданы:
– 450 мың теңге айлық аламын. Барлығы жақсы, өзіме ұнайды. 1 күн істеп, 1 күн демаламын.

2026 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында 27 млрд теңгенің 10-ға жуық инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл шаралардың барлығы халықтың тұрмысын жақсартуға, экономиканы дамытуға және жұмыссыздық санын азайтуға бағытталған.

ӘДІЛЖАН ӘЛЖАНОВ, М.Жұмабаев ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
– Қазіргі таңда ауданда астық қабылдау орны мен тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Астық қабылдау орнының салынуына түркиялық компания қолдау көрсетуде. Инвесторларға әрдайым есігіміз ашық.

Айта кету керек, диірмен кешенінен шыққан өнімның барлығы Қытайға экспортталады.

Нурасыл Ахмет