Қоғам

Киберқылмыстың жаңа түрі: алаяқтардан 13 тұрғын зардап шекті

Солтүстік Қазақстанда интернет-алаяқтардың жаңа айласы белең алуда. Енді қаскөйлер өздерін IT-компания қызметкеріміз деп таныстырып, телефонды қауіптен қорғайтын «антивирус» орнатуды ұсынады. Тіпті, «несиені тез жауып беретін бағдарлама» деп те алдауы мүмкін. Алайда, бұл – бағдарлама емес, қақпан. Адамдар өз қолымен AnyDesk немесе TeamViewer секілді қашықтан басқару қосымшаларын орнатады. Осы сәтте алаяқтар сіздің телефоныңызды толық бақылап, банк шоттарындағы ақшаны еш кедергісіз шешіп алады. Жыл басынан бері облыстың 13 тұрғыны осы схемаға сеніп, сан соғып қалды. Әр адамға келтірілген шығын көлемі 560 мыңнан басталып, 2 млн теңгеге дейін жетеді. Жалпы, өңірде биыл 200-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары өндірістік орындарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, жақында қызметкерлер Петропавл арақ зауытына барып, кәсіпорын жұмысшыларына сақтық шаралары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер бейтаныс адамдардың айтуымен ешқашан ешқандай қосымша орнатуға және жеке мәліметпен бөліспеуге кеңес біреді.

 

Жангельды Жамалиев