Жыл басынан облыста мыңға жуық қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға төмен. Соңғы жылдары аймақта ащы суды ішіп алып, қоғамның тыныштығын бұзатын жандардың саны көбейген. Бар ақпармен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті облыс бойынша департаментінің мамандары бөлісті.
ЭЛЬМИРА МҰХАМЕДИЕВА, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім прокуроры:
– 2024-2025 жылдары облыста қоғамдық орындарда ішімдік ішкен 11 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. 2 жылдың ішінде адам жүретін жерлерде темекі тартқан мың адамға айыппұл салынды.
Тиісінше, соңғы 2 жылда облыста мас күйде 175 қылмыс жасалған. Оның 64 пайызы Петропавлда тіркеліпті. Бірақ, қылмыстың басқа түрлері бойынша оң динамика байқалады.
ЭЛЬМИРА МҰХАМЕДИЕВА, ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім прокуроры:
– Облыста ұрлық, алаяқтық және зорлық-зомбылық фактілері азайды. Соңғысы тіпті 50 пайызға төмендеді. Соңғы жылдары соттылығы бар адамдардың қатысуымен қылмыстардың саны азайды.
Өткен жылы елімізде комитеттің бастамасымен “Антифрод-орталық” жобасы іске қосылды. Игі бастама арқылы қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық төлемдерге қатысты ақпаратты жедел алмаса алады. Жаңа технологияның көмегімен банк қосымшаларындағы күмәнді әрекеттерді анықтап, күдікті аударымды бұғаттауға болады. Мамандардың сөзінше, жүйені іске қосудың нәтижесінде облыста интернет-алаяқтық фактілері 2 пайызға азайған.
Нурасыл Ахмет