Қоғам

“Qyzylzhar” креатив орталығы – болашақ мамандықтар мекені

“Qyzylzhar” креатив орталығында қалалық №29 орта мектеп оқушыларына арнап экскурсия ұйымдастырылды. Бүгінде бұл орталық түрлі шығармашыл тұлғалардың басын қосатын заманауи алаңға айналды. Мұнда жас IT-мамандар, дизайнерлер және контент жасаушылар өз өнімдерін монетизациялауды үйренеді. Яғни, олар сүйікті ісімен айналыса отыра табыс таба алатын жағдайға жетеді.

СНЕЖАНА ГУБАЙДУЛИНА, “Qyzylzhar” креатив орталығының менеджері:
– Бұл орталықтың жұмысы креативті индустрияны дамытуға бағытталған. Мұнда біз жастардың идеяларын нарыққа шығаруға және ілгерілетуге тырысамыз. Жастарға талант пен шығармашылықты бизнеске айналдыруға болатынын көрсетеміз. Сол мақсатпен мұнда көптеген ауқымды форумдар және шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Ізденімпаз жастар ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, тиімді мүмкіндіктерге ие болады.

Ғимарат іші бірнеше заманауи аймаққа болінген. Мәселен, Digital Nomads кабинетінде жастар бағдарламалау мен жасанды интеллектпен жұмыс істеуді меңгерсе, ал “Oyu Lab” аудиториясында 3D-модельдеумен айналысады. Бұған қоса “Сәнтарам сандық” шеберханасында тігіншілер мен қолөнер шеберлері өз бұйымдарын жасайды. Резидент атанған тұлғалар орталықтың құрал-жабдықтарын тегін пайдалана алады және өз өнімдерін нарыққа шығаруды үйренеді.

АМИР ҚИЗЗАТ, оқушы:
– Бұл жерге бірінші рет келіп отырмын. Экскурсия өте ұнады. Менің ойымша, қазіргі жастар үшін өз дағдыларыңды жетілдіріп, жақсы көретін ісіңмен айналысып, оған қоса табыс табу аса маңызды. Өзім киім үлгілерін ойластыруды ұнатамын. Болашақта өз мамандығымды сол саламен байланыстырғым келеді. Бұл орталықта заманауи шеберхана бар екенін білдім. Жақын арада резидент болуды жоспарлап отырмын.

“Qyzylzhar” креатив орталығында қазір 68 резидент бар. Резидент болу үшін орталықтың инстаграм парақшалары арқылы өтінім қалдырып, арнайы комиссияның іріктеуінен өту қажет.

Жаннур Бектурганова