Үйден шыққан қоқысты жәшігіне дәлдеп салу қажет. Мәселен, ескі жиһаз, жөндеу жұмысынан қалған қалған-құтқан болса өз күшіңізбен полигонға жеткізген дұрыс. Бірақ, бұл қарапайым ережелерді орындамайтын жерлестеріміз жетерлік. Биыл облыс орталығында абаттандыру ережелерін бұзудың 2500-ден астам фактісі анықталды. Сандар одан әрі ұлғайып кетпес үшін полицейлер тұрақты түрде тұрғындармен кездесіп жүр. Қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов Болатбаев көшесінде орналасқан көпқабатты баспаналардың бірінің тұрғындарымен кездесті. Шарада өзекті мәселелер жіпке тізілді, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Рейд барысында шенділер аталған үйдің ауласында абаттандыру ережесін бұзудың екі фактісін анықтады. Тәртіп бұзған жандар қоқыс жәшігіне ескі жиһаз бен плактикалық терезелерді тастаған.
ҚАНАТ ЖҰМАБАЕВ, қалалық ПБ 1-полиция бөлімінің бөлімше бастығы:
– Жыл басынан қалада абаттандыру ережесін бұзудың 2524 фактісі анықталды. Жалпыға бірдей тәртіпті бұзған тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес 20 АЕК айыппұл салынды.
Айта кету керек, шара “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы аясында өткізілді. Профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Нурасыл Ахмет