Қоғам

Өңірдің киелі жерлері енген топографиялық карта таныстырылды

Теріскейдің терең тарихы мен рухани қазынасы жаңа кейіпте айшықталды. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде өңірдегі киелі нысандардың бірегей топографиялық картасы таныстырылды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында әзірленген бұл еңбекке облыс аумағындағы ерекше маңызға ие 34 ескерткіш енген.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Бұл картада XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы елді мекендердің тарихи қазақи атаулары сол қалпында жаңғыртылып көрсетілген. Мұнда тек географиялық нысандар ғана емес, киелі әулиелер жерленген орындар мен маңызды тарихи оқиғалар өткен аймақтар түгел қамтылған. Сонымен қатар, өлкемізге белгілі тұлғалар мен есімі әлі анықталмаған бабаларымыздың жаңадан табылған зираттары мен қорымдарын бүгін көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

Картаның құндылығы сол – мұнда бұрын беймәлім болып келген қорымдар мен тарихи мекендер нақты деректермен таңбаланған. Бұл ауқымды жұмыстың артында халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби шеберлік пен зор ғылыми ізденіс тұр.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Бұл киелі жерлер картасының авторы – елімізге белгілі картограф, Тарих және этнология институтының қызметкері Хизат Табулдин. Бұған дейін Ақмола мен Қостанай облыстарының киелі нысандарын картаға түсірген маманның еңбектері халықаралық деңгейде мойындалып, тіпті Францияның Сорбонна университетінде таныстырылған.

Ғалымның көпжылдық еңбегі мен архив деректері тоғысқан сәтте, Солтүстік Қазақстанның жаңа тарихи беттері ашылды. Көптен күткен бұл бірегей картаның салтанатты түрде тұсаукесері қиылып, көпшілікке жол тартты. Ендігі кезекте бұл топографиялық еңбек өлкетанушылар үшін ғана емес, өз тарихын түгендегісі келетін әрбір жан үшін таптырмас бағдаршам болмақ. Бабалар ізі қалған қасиетті мекендер осылайша келешек ұрпаққа заманауи үлгіде аманатталды.

 

Жангельды Жамалиев