Бүгін облыстық кардиологиялық орталыққа келген халықтың қарасы қалың. Бұл тектен-тек емес. Қазіргі сәтте мекемеде ашық есік күні өтіп жатыр. Оның барысында дәрігерлер өңір тұрғындарына тегін консультация жасап, диагностика белгілейді.
НҰРЛЫБЕК ӘБІШЕВ, облыстық кардиология орталығының кардиолог-дәрігері:
– Іс-шара созылмалы жүрек жетіспеушілігі күні аясында өтіп отыр. Бұл сырқатпен өңірде 14 мыңға жуық адам ауырады. Бірақ бұл сандар едәуір жоғары болуы мүмкін, себебі көп жағдайда тұрғындар бұл дерттің салдарын байқамай жатады. Сол себепті, жыл сайын тексеріліп отырған абзал. Сол кезде ғана кеселдің алдын алуға болады. Осы себепті де біз бүгін ашық есік күнін өткізіп отырмыз.
Ашық есік күні қарсаңында тегін консультация алуға келген жандардың бірі – Нина Васильевна. Нәзікжанды бұған дейін облыстық кардиологиялық орталыққа келіп ота жасатқан, айтуынша енді ай сайын келіп денсаулығын тексертіп тұрады.
НИНА ДЕВЯТКИНА, қала тұрғыны:
– Биыл диагностикаға келдім, жүрегімді тексерттім. Менің ауыр сырқатқа шалдыққанымды айтты. Тез арада ота жасау керек еді. Ота сәтті өтті. Дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Енді ай сайын денсаулығымды тексертіп тұрамын.
Айта кетейік, аталмыш іс-шара барысында облыстық кардилогия орталығының дәрігерлері таңнан кешке дейін өңір тұрғындарын қабылдайтын болады. Ол үшін жеке куәлік қана қажет.
Улан Ыдырыс