Балалар

“Заң және тәртіп”: прокурорлар колледж студенттерімен кездесті

Облыстық прокуратура қызметкерлері Петропавлдағы Оқушылар сарайында колледж студенттерімен кездесу өткізді. Оған 300-ге жуық жас қатысты. “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – жастардың түзу жолдан таюына жол бермеу, қылмысты болдырмау.

ӘЛИЯ ҚҰСАЙЫНОВА, СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:
– Жалпы, облыста орын алатын қылмыстардың басым көпшілігіне жастар себепкер. Осыған орай мұндай кездесулерді жиі өткізіп тұру керек деп санаймыз. Бұл өз пайдасын әкеледі. Мысалы, өткен жылы өңірде бұзақылықтың 24 дерегі тіркелсе, биыл 14 жайт тіркеліп отыр. Сонымен қатар, аймақта жастарға қатысты алаяқтық пен есірткі қылмысы да азайып келеді.

Кездесу барысында Петропавлдағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан жастар онлайн байланысқа шықты. Олар колледж студенттеріне қалай тар қапасқа түскендерін баяндады, өз қателіктерін қайталамауға шақырды. Іс-шараға қатысып отырған жастың бірі – Глеб Карасев. Студент Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінінің 2-курсында білім алады. Айтуынша, бүгінгі жиынның кейінгі буынға берері мол.

ГЛЕБ КАРАСЕВ, студент:
– Бүгінгі іс-шарада біз темір тордың ар жағында отырған адамдардың оқиғаларын естідік. Жағамды ұстадым. Алдағы уақытта ондай қателіктерді қайталамауға тырысамын. Жалпы, біздің колледжде де осындай іс-шаралар жиі өтеді. Бұл арқылы жастар оң мен солын айырып, құқықтық білімін жетілдіреді.

Айта кетейік, облыстық прокуратура қызметкерлері жастарға қатысты осы сынды іс-шараларды ай сайын жүйелі түрде ұйымдастырып тұрады.

 

Улан Ыдырыс