Үкімет үйі қабырғасында Қазақстанда көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыланды. Дәстүрлі науқан күннен-күнге қарқын алуда. Оны ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың баяндамасынан аңғаруға болады. Атқамінердің айтуынша, биыл егіс алқаптарының жалпы аумағы 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылдың көлемінен 180 мың гектарға көп. Жекелей тоқталсақ, майлы дақылдар алқабы 4 млн гектардан, ал жемшөп дақылдары алқабы 3,3 млн гектардан асады.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Осы жылы бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрайды, сондай-ақ су ресурстарын үнемдеу мақсатында күріш алқаптары 20,2 мың гектарға оңтайландырылды, бұл ретте тамшылатып суаруға арналған мақта алқаптары 29,8 мың гектарға ұлғаяды. Егістіктердің бекітілген құрылымы егіннің қажетті көлемін алуға және сыртқы сұраныс конъюнктурасын ескеруге мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен бөлісті. Жоспар бойынша көктемгі егіс жұмыстарына 402,2 мың тонна сұйықтық беріледі. Баға мәселесіне келсек, әдеттегідей диқандар аса шығындалмайды. Оларға төмен бағадағы жанар-жағармай ұсынылады.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ҚР энергетика министрі:
– Энергетика министрлігі ұсынатын ағымдағы баға литріне 263 теңге болады. Түпкілікті бағаны өңірлік оператор белгілейді, ол литріне 281 теңгені құрайды, бұл литріне 49 теңгеге арзан немесе автожанармай құю стансаларындағы бөлшек сауда бағасынан 15%-ға төмен.
Жылда көл-көсір астық жинайтын өңірімізде егіс жұмыстары қалай өтуде? Бұл туралы аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов баяндады. Ағымдағы жылы облыста 4,3 млн гектарға дән себіледі. Әртараптандыру аясында дәнді дақылдар көлемі 100 мың гектарға қысқартылып, 2,9 млн гектарды құрайды. Майлы өнімдер алқабы 1 млн гектарға жетеді, мал азықтық дақылдар – 405 мың гектар. Ал картоп пен көкөніс дақылдарының көлемі өткен жылғы деңгейде сақталған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Биыл өнімділікті арттыру мақсатында 400 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Осы мақсатта отандық зауыттардың арнайы шоттарына 10 млрд теңге аударылды. 455 мың тонна кондициялық тұқым дайындалды, сорт жаңарту деңгейі 12,5%-ды құрады. Егіс науқанына 10 мыңнан астам трактор, 1,5 мың заманауи егіс кешені тартылады. Жеңілдетілген жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету жұмыстары да жолға қойылған».
Теріскейлік диқандардың табанды еңбегінің арқасында өңірімізде 751,4 мың гектарға егін егіліпті. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамыту – мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Сондықтан, көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу ерекше маңызға ие.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
– Қазіргі таңда басты міндет – егіс науқанын сапалы жүргізу. Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалды. Қаражат бөлінді, фермерлерді техникамен және ресурстармен қамтамасыз ету шаралары қабылданды.
Сонымен қатар, Үкімет отырысында Олжас Бектенов шегірткенің таралу қаупіне мониторинг жүргізіп, зиянкестерге қарсы қорғаныс шараларын күшейтуді тапсырды
Байболат Култанов