Қоғам

Қазақстан Конституциясы көшесін жөндеу жұмыстарының 2-ші кезеңі жүріп жатыр

 

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:
– Бұл – әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі саналатын Петропавлдағы Қазақстан Конституциясы көшесі. Биыл былтырғыдай мұндағы тозығы жеткен төсеме тастар жаңартылып, жарықшамдар орнатылып жатыр. Көз сүйсіндіреді. Маңызды іс қашан аяқталады? Кімдер жауапты? Қазір анықтаймыз.

Петропавлда Қазақстан Конституциясы көшесін қалыпқа келтіру жұмыстарының екінші кезеңі жүріп жатыр. Құрылысшылар тозығы жеткен ескі тас жамылғыны алып тастап, орнына жаңасын орнатуда. Бұл жолы жолдың беті ғана өзгермейді, бойындағы жарықшамдар да заманауи тұрғыда жаңарады. Басты көше – қала тұрғындары мен қонақтардың сүйікті орны. Мұнда әсіресе кешқұрым халық көп жиылады. Азаматтардың жайлылығы үшін жасалып жатқан жұмыстың сапасы жайында халықтың өзінен сұрап көрдік.

– Бірінші келгенімде көше шашыраңқы болатын, қазір енді реттеліп келеді. Бәрі жақсы.Қаламыздың әдемі болғанын қалаймыз. Ең бастысы, халық демалатындай орын болсын.
– Петропавлға қонақ ретінде биыл екінші рет келіп отырмын. Қала өткен жылға қарағанда мүлдем басқаша, әжептәуір өзгеріп қалыпты.
– Қала жылдан жылға көркейіп келеді әрі таза. Ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Шаһарымыздың бүгінгі келбеті көз қуантады.

Көпшіліктің көңілінен шыққан инфрақұрылымдық жаңартуларға бірнеше мердігер жауапты. Компаниялардың бірі шамдарды орнатса, екіншісі кеспе тастарды төсеуде. Бірлесе еңбек етіп жатқан мамандарға қойылатын ортақ талап – сапаның сын көтеруі. Бұны қадағалайтындар бар. Олар әрбір шаршы метрдің техникалық талаптарға сай болуын тексеріп тұрады. Жалпы, ауқымды істің екінші кезеңіне бюджеттен 900 млн теңге қаржы бөлінген.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қазақстан Конституциясы көшесін абаттандыру жұмыстары өткен жылы Астана және Парковая көшелерінің аралығында жүргізілген болатын. Биыл жұмыстар Парковая көшесінен Назарбаев көшесіне дейінгі аумақта жалғасуда. Қазіргі уақытта жаңадан кеспе тас төселуде. Сондай-ақ, жарықтандыру жүргізіліп, шағын сәулеттік формалар орнатылуда. Қажет болған жағдайда жасыл желек те жаңартылатын болады.

Айта кету керек, Қазақстан Конституциясы көшесін реконструкциялау жұмыстарын 2027 жылы толығымен аяқтау жоспарланған.

Жангельды Жамалиев