Өңірде интернет-алаяққа алданған жандардың жартысына жуығын қарттар құрайды. Қулар оларға телефонмен хабарласып, көп жағдайда өздерін не дәрігер, не полиция қызметкері ретінде таныстырады. Сенімін иеленгеннен кейін ақшасын да иемденеді. Қазір петропавлдық еріктілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері бірлесіп зейнеткерлер арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
– Өңірде төрт айдың ішінде интернет-алаяқтықтың 214 дерегі тіркелді. Қазіргі ең қауіпті схема – коммуналдық қызмет немесе емхана қызметкері болып хабарласып, 1414 нөмірінен келген төрт таңбалы кодты сұрау. Бұл код “Egov” жүйесіндегі жеке кабинетіңізге кіруге мүмкіндік береді. Сондықтан, бейнеқоңырау арқылы форма киген адамды көрсеңіз де ешқандай құпия кодты бөгде адамға айтпау қажеттігін ескертеміз.
Шара “Заң және тәртіп” тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Мақсат – жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды алаяқтардың құрығынан қорғау. Осы орайда киберқылмыспен күрес басқармасы мен жастар ресурстық орталығының мамандары 3 мобильді топ құрған. Белсенділер жарты күн ішінде 20-ға жуық үйді аралап, тұрғындарымен жүздесті.
ТАМАРА БАГИНСКАЯ, қала тұрғыны:
– Мұндай шараның маңызы зор. Бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Толғандырған сұрақтарымды қойып, тұшымды жауап алдым. Қазір телефон соғып, өздерін банк немесе полиция қызметкерімін деп таныстыратындар көбейіп кетті. Кейде қорыққаннан не істеріңді білмей қаласың. Енді сақ жүремін.
Сақтансаң сақтайды. Бұл қағида қазір алаяқтарға да қатысты. Телефоннан жүзін көрсете салған адамға сеніп, кейін опық жегенше оның алдын алудың амалын жасаған дұрыс дейді мамандар. Бүгінгі профилактикалық шара жалғасын табады. Айта кететін жайт, өңірде өткен жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтық саны небәрі 1,6 пайыз болса да азайыпты. Статистика кеміді, бірақ қауіп әлі сейілген жоқ.
Жаннур Бектурганова