Қоғам

2 аптада 163 адам зардап шекті: СҚО-да кене шағу жайты жиіледі

Солтүстік Қазақстан облысында кене шағу жайты жиіледі. Көктем мезгілінің басталуымен өңірде қауіпті жәндіктен 335 адам зардап шеккен. Соның 163-і соңғы 2 аптаның ішінде медициналық көмекке жүгініпті. Ем-дом көрсетілген жандардың 91-і – 14 жасқа дейін бала. Қуанышымызға орай, вирустық ауру ретінде ағзаға еніп, ми мен жұлынды зақымдайтын кене энцефалиті жағдайы тіркелмеген. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері қауіптің алдын алу ережесін жария етті.

Егер кене теріге жабысып қалса, сабыр сақтап, дұрыс әрекет ету қажет:
– кенені пинцет немесе жіптің көмегімен абайлап алып тастау;
– шағу орнын антисептикпен өңдеу;
– мүмкіндігінше кенені зертханаға талдауға тапсыру;
– міндетті түрде дәрігерге қаралу — қажет болған жағдайда 72 сағат ішінде иммуноглобулин енгізіледі.

 

Байболат Култанов