Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ұлы Жеңіс күніне орай тыл еңбеккері Әсия Әжібаеваның шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Кейуана 1926 жылы дүниеге келген. Биыл – тыл ардагері үшін ерекше мерейлі жыл. Ол 17 мамыр күні 100 жасқа толады. Ғасырға жуық ғұмырында ел басынан өткен талай тарихи кезеңдердің куәсі болған ардагер саналы ғұмырын еңбек пен ел игілігіне арнаған. Осыған орай облыс әкімі кейуананы құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Кездесу барысында кейуана өткен күннің естеліктерін айтып, қиындыққа мойымай, еңбекпен есейген жылдарын тебірене еске алып, жастарға ақ батасын берді. Сонымен қатар, бейбіт күннің қадірін бағалап, татулық пен тыныштықтың маңызын ұмытпауға шақырды.
ӘСИЯ ӘЖІБАЕВА, тыл еңбеккері
Әсия Әжібаеваның жастық шағы соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол жылдары ол тігінші болып еңбек етіп, тылдағы жұмысқа белсене араласты. Қиындыққа қарамастан майданға қажетті киім-кешек дайындауға үлес қосып, ел үшін аянбай еңбек етті. Тылдағы тынымсыз еңбек пен қажырлы жұмыс ардагер өмірінің маңызды кезеңіне айналды. Бүгінде ғасыр жасаған тыл еңбеккерінің өнегелі өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі.
“Қызылжар” телеарнасы