Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ленинград блокадасының куәгері Тамара Липченконың үйіне барды. 93 жасқа келіп отырған кейуана қазір Қызылжар ауданында тұрады. Тамара Гавриловнаның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдары өтті. Сол кезде көрген қиыншылық жүректе жара болып қалды дейді.
ТАМАРА ЛИПЧЕНКО, блокадашы:
– Сол 1942 жылдың тамызында бізді «Өмір жолы» арқылы эвакуациялады. 5 шағын пароходпен көл арқылы шықтық. Көлдің ортасына жеткенде жан-жағымыздан жер көрінбей кетті. Кенет аспанды қатты гуіл басты. Неміс ұшақтары ұшып келді. Содан сұмдық басталды. Көп адам қаза тапты. 5 пароходтың біразы суға кетті. Біз тек екеуімен ғана жеттік, оның өзі қатты зақымданған еді.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Тамара Липченконы Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Ленинград блокадасының куәгері еңбек жолын 13 жасында бастаған. Алдымен бала күтуші болып еңбек етсе, кейін аяқ киім фабрикасында жұмыс істеген. Одан соң тың игеруге өз үлесін қосқан. Өңір жетекшісі кейуанаға жеңісті жақындатуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жүз жасаңыз. Сіздердің өсиеттеріңіз – жастарға үлгі-өнеге. Өкінішке қарай, көзі тірі соғыс ардагері жоқ. Қазір облыста Ленинград блокадасын көрген 6 адам, концлагерь тұтқыны болған 7 адам бар.
Жасы 90-нан асса да Тамара Гавриловна әлі тың. Үй шаруасымен айналысып, бау-бақшасын күтіп отыр. Ал Жеңіс күні мемориалға гүл қоюды ешқашан ұмытпайды.
“Қызылжар” телеарнасы