Қоғам

Құрылысшылар құрметі

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бұл күннің маңызын Табиғат-ана сезеді. Таңда жаңбыр жауып, майдан даласына жалғыз ұлын аттандырған кейуананың кейпінде болды. Мерекеде бірде-бір ардагер, соғысты еске салатын бірде бір алаң назарсыз қалмауы тиіс. Біз қазір Петропавлдың Шухов және Назарбаев көшелерінің қилысында орналасқан төңіректеміз. Мұнда Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған стела бар.

Алыстан көзге түсетін стела былтыр жаңғыртылды. “Қазақстан құрылысшылар одағы” облыстық филиалының өкілдері бірігіп, таттана бастаған ескерткішті жөндеді.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, Қазақстан құрылысшылар одағы СҚОФ төрағасы:
– Өткен жылы бізге ардагерлер стеланы жөндеу бойынша өтінішпен жүгінді. Өтінішті жерде қалдыра алмадық. Жеңістің 80 жылдығына орай қалпына келдірдік. Бұл біздің міндетіміз деп білеміз. Аспанымыз әрдайым ашық болсын! Тек жақсы шараларда ғана кездесейік!

Биыл белсенді жерлестеріміз стелаға гүл шоқтарын қоюды, майдангерлердің рухына тағзым етуді жөн көрген. Жауапты шараға жастарды да шақырыпты. Ата-баба ерлігіне бас иген жерлестеріміздің жақындары да майдан көрген. Олар әкелері мен аталарын марқая еске алады.

ӘМІРЖАН ШӘКЕЙ, Қазақстан құрылысшылар одағы СҚОФ мүшесі:
– Өзімнің атам – соғыс ардагері. 2 жыл соғысқан, үйге қолсыз келді. Бірнеше ордені бар. Ал жолдасымның әкесі жойғыш-ұшқыш болды. Мұндай ұшқыштар қазақтан аз шыққан.

Құрылысшылар құрметі жалғасады. Өңірдегі нысандардың тұрғызылуына жауапты жерлестеріміз енді келесі жылдың мамырында жүздесуді мақсат санап отыр.

Байболат Култанов