Қоғам

Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған тағылымы мол шара

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Ұлы Жеңіс күніне орай тарихи-танымдық шара өтті. Тағылымы мол жиынға аға буын өкілдері көп жиналған. Қазыналы қарияларымыз әке-аталарынан естіген сұрапыл соғыс жайлы естеліктерін жастарға айтып берді. Қилы заманды 90-нан асқан тыл ардагері Тілек Әбдірахманов ешқашан ұмытпайды.

ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, тыл ардагері, СҚО Құрметті азаматы:
– 8 жасымнан колхозда еңбек еттім. Ойын-күлкіге уақыт болған жоқ. Соғысқа менің ауылымнан 47 адам кетті. Оның 45-і қайтып оралмады. 5 шаңырақ жабылып қалды.

Кездесуде көпшілік алдына өнер ұжымдары да шықты. Олардың киген киімдері нағыз ұрыс жылдарын көз алдымызға әкелді. Дарынды жандар Ұлы Жеңіске қатысты әндерді шырқады. Жастар да шараға құр алақан келмеген. Ұл-қыздар батырларымыз жайлы өлеңдер оқып берді. Мерекені лайықты атап өту – қазіргі ұрпақтың парызы. Соғыс жылдарын, батыр бабалардың ерлігін жастардың білуі аса маңызды. Мұны ұл-қыздар жақсы түсінеді. Осы сияқты танымдық шаралардан қалмайды.

ВИОЛЕТТА ДЕГТЯРЕВА, Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің оқушысы:
– Менің арғы атам соғысқа барған. Елге жарақатпен оралды. Соған қарамастан ел қатарлы жұмыс істеді. Отбасын асырады. Мен өзімді батырдың ұрпағы санаймын. Мектебімізде де осы сияқты танымдық шаралар көптеп өткізіледі. Бәріне қатысып, Ұлы Жеңіс жайлы мол ақпар алғым келеді.

Жиын соңында үлкендер жастарға ақ баталарын беріп, еліміздің аспанын ешқашан бұлт шалмасын деген тілектерін білдірді.

Нурасыл Ахмет