“Соғыс арулары”. Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында осындай атаумен тарихи-тағылымдық шара өтті. Жиын сұрапыл соғыс жылдарында ерлермен иық тіресе жауға қарсы ұрыс жүргізіп, ерлік көрсеткен қазақстандық әйелдерді еске алу мақсатында ұйымдастырылды. Мұнда Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова сынды аты аңызға айналған арулармен қатар, есімі көпке белгісіз, бірақ жеңіске жетуге өлшеусіз үлес қосқан жерлестеріміздің тағдыры баяндалды.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Солтүстікқазақстандық қаһарман қыздардың бірі – Наталья Ковшова. Ол анасымен бірге Полудино ауылында тұрған. Соғыста жасаған ерлігі өте зор. Тағы бір батыл нәзік жанды – Алтын Мұхаметжанова. Аққайың ауданының тумасы. Авиамеханиктер мектебін тәмамдап, әуе шайқастарына қатысқан. Фашистік Германиядан бөлек, Жапония елімен де соғысуға қатысқан. Соғыстан кейін туған жерінде еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосты.
Архив деректеріне сүйінсек, қан майданға елден 1 млн 200 мыңнан астам адам аттанған. Соның 116 мыңы – солтүстікқазақстандықтар. Оның 45 мыңы майдан даласында қаза тапты. Осы қиын-қыстау кезде өңірден еңбек майданына да адамдар тартылды. Мәселен, 15 мыңға жуық нәзікжандының басым бөлігі қорғаныс зауыттарында еңбек еткен. Сонымен қатар, “Боздақтар” кітабында жаумен шайқаста қаза тапқан 33 жерлес әйелдің есімі жазылған. Кездесуде жан тебірентерлік оқиғалар айтылды. Өкінішке қарай, қазір өңірде көзі тірі ардагер қалған жоқ. Ұрпаққа ашық аспанды сыйлап кеткен майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс. 8-ші сыныпта оқитын Ералы Баймұхан кішкентай кезінен арғы атасынан қалған естеліктерді тыңдап өскен. Айтуынша Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмет Шәрімов 1941 жылы майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысқан.
ЕРАЛЫ БАЙМҰХАН, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия оқушысы:
– Мен соғысқа қатысқан атам туралы айтқым келеді. Оның есімі – Ахмет Шәрімов. Ол майданда жаяу әскер қатарында соғысқан. Танкіні жақсы айдаған. Ұлы Жеңістен кейін үйге оралған. Алайда, ауыр жарақаттардан көп ұзамай қайтып кетті. Мен атамды мақтан тұтамын. Біздің отбасымыз жыл сайын атамның ерлігін еске алып, оған тағзым етеміз.
Тарихын білмегеннің болашағы бұлыңғыр. Жиында жастар біліп жүрсін деген мақсатпен тарихи құжаттар мен кітап көрмесі ұйымдастырылды және викторина ойыны өткізілді.
Жаннур Бектурганова