Қоғам

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды. Өңір басшысы ең алдымен Саумалкөлдегі аудандық орталық аурухананың бұрынғы стационар ғимаратына барды. Нысан 46 пайызға тозған. Қазіргі күні ол апатты жағдайда тұр. Осыған байланысты қазіргі күні жаңа аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр Бұдан соң Ғауез Торсанұлы Саумалкөлде жаңадан ашылған “Botai CREATIVE” орталығына келді. Мұнда өңір жетекшісі аудан жастарымен кездесті. Ұл-қыздар “Таза Қазақстан” акциясы аясында аудан орталығында сенбілік өткізіп жатыр екен. Облыс әкімі игі іс-шарадан шет қалмай көшет отырғызды. Кейін аймақ жетекшісі нысанның ішіне кірді. IT-орталықтың бірінші қабатында музей орналасқан. Ол жерде Ботай мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігерлер сақталған. Ал ғимараттың екінші қабатында заман игілігін тиімді пайдалануға, жаңа технологияларды жасауға әрі үйренуге арналған сынып бар. Мұнда қазіргі күні Айыртау ауданының құтқарушылары өздерінің біліктіліктерін арттырып жатыр.

ӘДІЛХАН СЕЙСЕНБЕКОВ, Айыртау ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы:
– Қазіргі күні біздің мамандар дрон басқаруды үйреніп жатыр. Бұл арқылы біз орманды, таулы аймақтарды ұшқышсыз ұшатын апараттармен бақылай аламыз. Бұл жұмысты едәуір жеңілдетеді.

Сонымен қатар, Ғауез Торсанұлы IT-орталықта жасалған жаңа технологиямен танысты. Заман игілігі агрошаруашылықты цифландыруға бағытталған. Бұдан кейін Ғауез Торсанұлы Tin One Mining компаниясының тау-кен байыту комбинаты салынатын алаңға барды. Жоба іске асқан жағдайда Айыртау ауданында 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады.

Улан Ыдырыс