Қоғам

Облыс әкімі Шалқар және Имантау курорттық аймақтарының жағдайымен танысты

Қазақстанда 3 аптадан кейін жазғы туристік маусым басталады. Осы орайда өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстағы демалыс орындарын тексерді. Ең бірінші болып облыс әкімі Шалқар курорттық аймағындағы демалыс базаларының жағдайымен танысты. Соңғы 2 жылда Шалқар көлі жағалауында 21 шақырым жол салынды, аталмыш жұмыстар әлі де жалғасын табады. Қазіргі күні Шалқар курорттық аймағындағы барлық демалыс базаларында келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Бұдан соң Ғауез Торсанұлы ат басын Имантау курорттық аймағына бұрды. Аталмыш демалыс базасына қазіргі күннің өзінде демалушылар келуде. Олардың ішінде Қазақстанның өзге өңірлерінен ат терлетіп жеткен жандар да бар. Жалпы, Шалқар және Имантау курорттық аймақтарының дайындық жұмыстарына өңір басшысы оң баға берді. Айта кетейік, қазіргі күні ауданда 44 демалыс базасы жұмыс істейді. Өткен жылы 7 туристік нысанға 5 шақырымнан астам талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды, биыл аталмыш жұмыстар тағы да 12 шақырымда жүргізіледі деп жоспарлануда.

Улан Ыдырыс