Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов МТРК телеарнасының жаңа кеңсесінде болды. Әр кабинетке кіріп, жұмыс барысын көрді, ұжыммен тілдесті және алдағы уақытқа деген жоспарды білді. Көзделген іс ауқымды. Аймақ басшысы телеарнаға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– МТРК телеарнасынан қолдан келген көмекті аямаймыз. Қаржыландыру бойынша да мәселе болмайды. Алдағы уақытта шығармашылық ұжымға заманауи камералар әкелінеді. Техникалық базасы жаңартылады. Сіздердің тараптарыңыздан жүйелі жұмыс күтемін.
Жаңа кеңсе облыс әкімінің көңілінен шықты. Тілдесу кезінде телеарнада жаңа студия пайда болатындығы жайлы айтылды. Қызықты бағдарламалар көрерменге жол тартады және дикторлар тікелей эфирде жаңалық жеткізеді.
ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, МТРК телеарнасының директоры:
– Облыс әкімінің тапсырмасы аясында алдағы уақытта тілшілердің жалақысын көтереміз. Өңір жетекшісі материалдық-техникалық базаның жаңаруына да зор қолдау көрсетілетінін айтты. 1-қыркүйектен бастам эфирді арнайы жүргізушілер жүргізеді.
Халықтың көзайымына айналған МТРК 1998 жылдан бері ел назарында. Ширек ғасырдан астам тұрғындарға хабар таратып, тарихи-танымдық бағдарламалар ұсынып келеді. Айта кету керек, қазіргі таңда шығармашылық ұжымда 60-ға жуық адам еңбек етеді.
Нурасыл Ахмет